Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шекарадағы электрондық кезек жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Министр кеден саласын тәртіпке келтіру мақсатында жедел және жүйелі шаралар қабылданып жатқанын айтты. Оның ішінде әсіресе цифрландыру басым бағыт болады.
Жедел шаралар бөлігінде декларацияларды бақылау және шығару жөніндегі кедендік функциялар орталықтандырылды. 9 уәкілетті экономикалық операторларға және басқа да ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталуға жақын. Шекарадағы электрондық кезек жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп айтты Қаржы министрі.
Айтуынша, уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын біліктілік талаптары заңнамалық түрде күшейтіледі.
Жүйелі шаралар аясында АСТАНА-1 және Е-терезе ақпараттық жүйелері жетілдіріліп жатыр. Тәуекелдерді басқару жүйесіне субъектіге бағдарланған тәсіл және деректерді интеллектуалды талдау енгізіледі. Электрондық шот-фактуралар негізінде тауарларды қадағалау жүйесін одан әрі дамыту жүргізіліп жатыр. Бұл импорттан бастап тұтынушыға дейінгі барлық өткізу тізбегі бойынша салықтық бақылауға мүмкіндік береді, - дейді ол.
Бұдан басқа, ҚХР-мен кедендік статистиканың алшақтығын төмендету, сондай-ақ кедендік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Жамаубаевтың айтуынша, осы жылы кедендік әкімшілендіруді күшейту есебінен республикалық бюджетке қосымша шамамен 150 млрд теңге түседі деп жоспарланып отыр.