Шәукенова: Қазақстанның негізгі жеңісі – шектес мемлекеттермен шекарасын бекітіп алуында

17 Мамыр 2021, 18:52
2864
Бөлісу:
Шәукенова: Қазақстанның негізгі жеңісі – шектес мемлекеттермен шекарасын бекітіп алуында
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалымен бірлесіп, онлайн форматта «Тәуелсіз Қазақстан: Тарих және қазіргі заман» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. 

Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы  ММУ филиалының 20 жылдығына орайластырылды.

Конференция жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Ресейдің, өзге де елдердің жоғарғы оқу орындарының жетекші ғалымдары, докторанттары мен магистранттары, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, қоғамдық пәндердің колледж оқытушылары мен тарих пәнінің мектеп мұғалімдері қатысты.

Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстандағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының 20 жылдығына орай іргелі ғылым бағыттары бойынша ұйымдастырған ғылыми-тәжірибелік конференцияларымыздың циклін аяқтаймыз. Бұл іс-шараларымыз қазақ мемлекеттігінің даму кезеңдерін қарастырып, ұлттық сананы түркі ойшылдарының рухани мұрасы арқылы жаңғырту жолдарын табуды, қоғамдық-саяси көзқарастың інжу-маржанын саралауды, Қазақстан халықтарының басын қосып, бірлігін күшейтетін құндылықтар мен идеяларды ортаға салуды көздейді,- деді Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Конференцияда Қазақстан мен Ресейдің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының директоры, профессор Александр Сидорович; ҚР ҰҒА академигі, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов; ҚР Мемлекеттік қайраткері, профессор Қуаныш Сұлтанов; ҚР ҰҒА академигі, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова; Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының профессоры Жабайхан Әбділдин және т.б. баяндама жасады.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: жауапты көшбасшылық, тұрақтылық және сабақтастық» тақырыбындағы баяндамасында ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова еліміздің шекара мәселесін сәтті шешкенін атап өтті.

Егемен мемлекет ретінде Қазақстанның негізгі жеңісі – шектес мемлекеттермен шекарасын бекітіп алуында. Жауапты да ірі істің нәтижесінде шекараның 14 мың километрі межеленіп, Каспий теңізінің бұрын-соңды болмаған құқықтық мәртебе туралы конвенциясына көршілес елдердің қолы қойылды. Бүгінде Қазақстанның аумағына қатысты ешқандай наразылық та, дау да жоқ. Шекарамыздың әлем мойындаған халықаралық құқығы бар - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы