Ақтөбе облысындағы жеке клиникалар мен ақылы емханаларда медициналық қызмет пен талдаулардың бағасы шарықтап тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда балтыры сыздап, басы ауырған тұрғындардың көбі ақылы түрде емделуге барады. Себебі бекітілген емханаға кезекке тұрып, дәрігердің емін алу үшін кемінде бір апта күтуің керек. Бүгінде емханалардың барлығы алдын ала жазылу арқылы қабылдайды.
«Сапасы төмен, бағасы қымбат»
Ақтөбе қаласының тұрғыны Бимұрат Көшкінбаев бір аптадан бері өзі тіркелген емханасындағы лор-дәрігерге қарала алмай жүргенін айтады. Құлағы ауырып, мазасы қашқан жас жігітке емханадағы тіркеу бөлімі 25 сәуірге дейін дәрігерге жазылған кезек толық екенін жеткізген. Амал жоқ, емханаға қолын бір сілтеп, облыс орталығындағы «Әйгерім» жеке клиникасына барған. Мұнда лор-дәрігердің алғашқы қабылдау құны — 6 мың теңге.
Осымен екінші рет қалалық №4 емханадағы дәрігердің қабылдауынан бас тарттым. Алғаш рет қыста суық тиіп, қатты ауырғанмын. Ол кезде де тіркеу бөлімі 4 күн күту керектігін айтқан. Негізі, мен бұл емханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тіркеліп тұрмын. Ай сайын сақтандыру жарнасын төлеп отырмын. Алайда емханада ешқандай тәртіп те, жүйелілік те жоқ. Егер мен ауырған кезде, тіркелген емханама барып, ем-дом ала алмасам, сонда ай сайын не үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеп жатырмын? Қазір біздің облыста медициналық қызметтің сапасы жоқ, баға да «бетімен» кетті, — деп ашынды жас жігіт.
Ол құлағын жеке клиникадағы лор-дәрігерге қаратып, нәтижесінде 15 мыңға жуық ақша жұмсағанын айтады. Бұл — тек медициналық қызметке төленген қаржы. Ал дәрігер берген дәрі-дәрмекті сатып алуға тағы осы мөлшерде ақша керек.
Теміржол саласында он жылдан бері жұмыс істеймін. Алатын жалақым — 200 мың теңге. Төлейтін несием де, қарызым да көп. Мен үшін ең тиімдісі — емханаға көріну. Алайда қазір алдын ала жазылып, кезек күтпесең, дәрігердің бет-жүзін көре алмайсың. Менің таңғалатыным, ауырған адам 4-5 күн қалай кезек күтеді? Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы емханаларға бақылау жүргізіп, осы мәселені шешуі керек қой. Әйтпесе, кезек күтіп жүргенімізде ауруымыз асқынып кетуі мүмкін, — дейді Бимұрат Көшкінбаев.
Оның айтуынша, қазір облыс орталығындағы жеке клиникаларда баға шарықтап тұр. Мәселен, «Дару» клиникасында лор-дәрігердің алғашқы қабылдау қызметінің құны 8500 теңге тұрады. Қалтасындағы қаржысына қарап, клиникаларды шарқ ұрып, шолып шыққан жас жігіт ақыры бағасы сәл де болса арзан «Әйгерім» клиникасына барғанын айтады.
Бүгінде Ақтөбе облысында 40 аурухана (23-і — мемлекеттік, екеуі — ведомстволық, 15-і — жекеменшік), алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 42 (22-сі — мемлекеттік, 20-сы — жекеменшік) мекеме, 439 амбулаторлық-емханалық ұйым (310-ы — мемлекеттік, 10-ы — ведомстволық, 119-ы — жекеменшік) бар. Оларда 4 мыңнан астам дәрігер жұмыс жасайды. Аты айтып тұрғандай, өңірде ем-дом жасайтын мекемелердің жартысына жуығы — жеке ұйымдар. Мәселен, көпшілік барып медициналық қызмет алатын «Дару» клиникасы — биыл бағаны шарықтатқан ұйымдардың бірі. Ең қызығы, бұл мекеменің қожайындарының бірі — қазіргі облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов. Көп жылдық тәжірибесі бар хирург-дәрігер бұған дейін Мәжіліс депутаты болды.
Біз «Дару» клиникасының бас дәрігері мен баспасөз хатшысына хабарласып, биыл медициналық қызмет құны не үшін қымбаттағанын сұраған едік. Алайда клиника тарапынан ешқандай жауап болмады. Бір сөзбен айтқанда, біздің сауалымызға ешкім үн қатпады.
Ал «Әйгерім» жеке клиникасының коммерциялық директоры Данияр Налкомбаевтың айтуынша, биыл мұнда медициналық қызметтер құны 5-10 пайызға көтерілген. Оған басты себеп — клиникадағы талдаулар мен зерттеулер шығынының өсуі. Сондай-ақ дәрігерлерге төленетін жалақы мөлшері де жыл сайын артып отыр.
Қазақстанда жыл сайын зертханалық тексерулерге қажет реагенттердің құны қымбаттайды. Амал жоқ, сол себепті біз де бағаны өсіруге мәжбүрміз. Егер біз бағаны көтермесек, шығынымызды өтей алмаймыз, — дейді ол.
Міне, Ақтөбе қаласындағы халық көп баратын қос клиниканың «күйі» — осы. Мекемелер бағаны шығындары үшін көтеріп отырғанын айтады. Ал қарапайым тұрғындардың қалтасын кім ойлайды?
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұрғыны, зейнеткер Шахмаран Төлеқызы бірнеше күннен бері жеке клиникаларға қаралып, талдаулар тапсырып жүргенін айтады. Ол бір аптада талдауларға 70 мың теңгеге жуық ақша жұмсаған. Алдағы уақытта екінші мәрте рентгенге түсуі керек. Қазір рентгеннің бағасы — 5-6 мың теңге.
Облыс орталығынан шалғай жатқан Ырғыз ауданында тұрамын. Жуырда аяғым ауырып, баса алмай қалдым. Дертім жаныма батқан соң, зейнетақымды қалтама салып алып, қалаға келдім. Алдымен дәрігерлерге қаралдым. Терапевт-дәрігерге — 8 мың теңге, флеболог-дәрігерге 6 мың теңге төледім. Олар «талдаулар тапсырыңыз» деп, тізім жазып берді. Соны қазір тапсырып жатырмын. Бір зейнетақымды тауысуға жақындадым. Талдаулардың барлығы қымбат. Ал дәрігердің кабинетіне кіріп, ақыл-кеңес сұрау 6 мың теңгеден басталады. Кабинет жағалап, тіпті, шаршадым. Ең бастысы аяғымның ауруы басылып, бұрынғыдай қиындықсыз жүріп кетсем екен, — дейді зейнеткер.
Шахмаран апа 150 мың теңге көлемінде зейнетақы алады екен. Ырғыз бен Ақтөбенің арасы — 450 шақырым. Ол 5 мың теңге төлеп, таксимен қатынайтынын жеткізді. Ай сайынғы зейнетақысы азық-түлік, дәрі-дәрмек, қажетті тұрмыстық заттарын алуға жетпейді.
Қазір бәрі қымбат. Ауылда тұрсақ та барлығын сатып аламыз. Ең қиыны, ауылымызда сапалы қызмет көрсететін медициналық мекеме жоқ. Тек амбулатория ғана бар, онда дәрі-дәрмек сатылмайды. Ауырсақ, дәрі іздеп аудан орталығына барамыз. Жүкті келіншектер, қариялар, ауруы асқынған адамдар 40 шақырым жер жол жүріп, ем алуға барады. Қазіргі дамыған заманда бұл енді өте өкінішті жағдай, — дейді зейнеткер.
Баға демекші, осы тұста айта кету керек, өткен жылдың соңында еліміздегі амбулатория-емханалардың қызметі бір айда 1,1 пайызға, бір жылда 13,6 пайызға қымбаттаған. Ал ай
сайынғы динамика бойынша дәрігерлік амбулаториядағы медициналық мамандардың қызметі — 5,8, дәрігердің алғашқы қабылдауы — 0,5, медициналық зертхана мен рентген кабинетінің қызметі — 0,7, стоматология қызметі 0,9 пайызға артқан.
Ұлттық статистика бюросындағы мәліметтерге сүйенсек, былтыр жылдық динамикада дәрігерлердің алғашқы қабылдауы — 19,1 пайызға, дәрігерлік амбулаториядағы дәрігер мамандарының қызметі — 18,3 пайызға, медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметі — 12,4 пайызға, стоматология қызметі 11 ,4 пайызға қымбаттаған.
Бағаны кім бақылайды?
Өткен жылы елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға 2,6 триллион теңге қаржы бөлінді. Алайда өңірлердегі тұрғындардың медициналық қызметтер сапасына көңілі толмайды. Жуырда палата отырысында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осы мәселені көтере отырып: «Өткен жылдың өзінде бұл салаға барлығы 2,6 триллион теңге бөлінді. Бұл — көп ақша! Қызмет көрсету сапасы әрқашан жоғары деңгейде бола бермейді. Зерттеуге сәйкес, азаматтардың 56 пайызға жуығы жедел медициналық көмек көрсету орталықтарының қызметіне көңілі толмайтынын білдірген», – деген болатын.
Ол медициналық қызмет көрсету саласында шешімін таппаған түйіткілді мәселе жетерлік екенін атап өтті.
Мәселен, білікті мамандардың жетіспеушілігі, ұзын-сонар кезек, дәрі-дәрмек бағасы мен қызмет көрсету құнының тым қымбат болуы. Міне, халық айтып отырған негізгі төрт аспекті, – деді Сенат спикері.
Бір қуанарлығы, халықтың мұңы мен шағымын палата өкілдері біледі. Дегенмен мәселе әлі күнге дейін шешілер емес. Қызмет құны бақылауға алынбай келеді.
Біз медициналық қызметтің сапасы мен құнына қатысты сауалымызды Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына қойған едік. Алайда басқарманың баспасөз қызметі бізді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне бағыттады. Ең қызығы, бұл департамент те тұрғындардың шағымына жауап бермейтінін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, департамент басшысы медициналық қызметтің бағасын реттеу, бақылау мекеме құзыретіне жатпайтындығын жеткізді.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 8 қазандағы «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің және оның аумақтық бөлімшелерінің ережелерін бекіту туралы» № 645 бұйрығымен бекітілген Ережесіне сәйкес, Департамент медициналық қызметтер (көмек) көрсету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы салаларында іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады. Сонымен қатар, көрсетілетін медициналық қызметтер, оның ішінде стоматологиялық қызметтер тарифтерін бақылау департамент құзыретіне жатпайды. Медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақтар бойынша 50-07-97 телефонына немесе Ақтөбе қаласы Тілеу батыр көшесі, 9Б мекенжайы бойынша хабарласуға болады. Шағымды «Е-Өтініш» азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы арқылы жіберуге болады, — деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Әлия Латыпова.
Ал Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, басқарма құзіретіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне мониторинг жүргізу ғана кіреді. Ал медицина саласында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлерге басқарма тексеру-бақылау жұмыстарын жүргізе алмайды.
Біз кәсіпкерлермен жұмыс жүргізгенімізбен, медициналық, техникалық қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлерді тексере алмаймыз. Бұл салалардағы бағаларды ешкім бақылауға алмайды. Жалпы, біздің елімізде бұл салаларда бағаға қатысты ешқандай тариф нормасы белгіленбеген, — дейді басқарма басшысы.
Сонымен, саралап, зерттеп білгеніміздей, Ақтөбе облысында медициналық қызметтердің бағасын қадағалайтын, оларға бақылау жүргізетін құзырлы мекеме жоқ. Жоғарыда аталған мекемелер бағаға жауап бермейді. Сонда тұрғындар қайда барып, кімге барып, шағым айтады? Міне, осыдан келіп медицина саласында былық көбейеді...
«BAQ.KZ» анықтамасы
Бір жылда елімізде баға ақылы қызметтерге — 13,2 пайыз (2024 жылғы ақпанда – 12,8%), азық-түлік емес тауарларға – 8,2 пайыз (2024 жылғы ақпанда – 8,5%), азық-түлік тауарларға – 6,9 пайыз (2024 жылғы ақпанда – 7,4%) өскен. Өткен жылғы наурыз айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, денсаулық сақтау саласында, атап айтсақ, санаторийлер қызметтеріне – 15,1 пайыз, кешенді демалыстарды ұйымдастыру қызметтеріне – 13,6 пайыз, денсаулық сақтау қызметтеріне – 12,7 пайыз қымбаттаған.
Тағы бір дерек
Былтыр елімізде халықты бюджет есебінен емдеуге 542 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жылдық өсім — 16 пайыз. Ал МӘМС жүйесі арқылы 128 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Мұндағы өсім 26 пайызға дейін жеткен. Кәсіпорындарды қоса алғанда, елімізде медициналық көмектің жалпы құны 16 пайызға қымбаттаған.