Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарын ғылым саласымен байланыстыра білген шығысқазақстандық шаруа өз тәжірибесімен бөлісті.
Семинардың заманауи технологияларды дақыл өсіру және мал шаруашылығы салаларында қолданып отырған «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-де өтуіне «Ауыл» ХДПП мұрындық болды.
Атап айтсақ, «Аграрлық ғылымдарды ауыл шаруашылығына енгізу нәтижелері» тақырыбымен өткен семинарда, Глубокое ауданының Опытное поле ауылындағы шаруашылықтың жүргізіп отырған жұмыс бағыттары таныстырылды. Бүгінде аталмыш шаруашылық шетелден заманауи техникалар тасымалдаудан бастап, өз күштерімен сұрыптаған күнбағыс дақылын өсіруге дейінгі жұмыстарды жолға қойған. Сол себепті шаруа қожалығының тәжірибесін өзге шаруашылықтарға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға облыстағы шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар өкілдері қатысып, жұмыстарын ұйымдастыру бағыттарын айқындады.
Шарада малдың азығын әзірлеу, жем-шөп дайындау, өңдеу, жайылым алқаптарын басқару, төрт түліктің рационын құру, малды азықпен қамтамасыз ету жайлы маңызды бағыттар қамтылды. Сүтті бағыттағы сиырларды азықпен қамтамасыз етуде жем-шөп рационының дұрыс болғаны жөн. Өйткені ірі қараның тамағы дұрыс болған кезде ғана одан өндірілетін сүт мөлшері мен сапасын жақсартуға болады, - дейді «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС басшысы Фарид Абитаев.
Бұдан бөлек семинар барысында сүтті бағыттағы ірі қара өсірудің заманауи жолдары да талқыланды. Түліктің санын ұйымдастыру, сиыр табындарын басқаруды автоматтандыру, цифрлау, өндірілетін сүттің сапасын заманауи технологиялар арқылы қадағалау, көтеру, төлдердің санын көбейту, төлдейтін малды түрлі дерттерден қорғау, тауарлы-сүт фермалардың сиырларына эпизотикалық шаралар ұйымдастыру, өнімділігі жақсы ірі қараларды азықтандырудың рационын жасақтау жайлы мәселелер семинар қатысушыларының назарынан тыс қалған жоқ.
Шаруашылығымыз он жылдан астам уақыттан бері еліміздегі қолданбалы ғылыми зерттеулерді іске асыратын шаруашылықтардың бірі болып саналады. Соңғы екі жылда біз бірнеше бюджеттік бағдарламаны іске асыру бойынша жұмыс істейміз, – дейді Фарид Абитаев.
Бүгінде элиталық дақыл өсіруші мәртебесіне ие кәсіпорынның соя, күнбағыс, жаздық, қыстық бидай сорттарын селекциялауда өзіне тән жетістіктері жетерлік. Шаруашылықтың ғылыми қызметшілері мен жұмысшылары өз зерттеулерін түрлі деңгейде апробациядан өткізіп, тәмамдалған жобаларын Қазақстанның шығысы мен солтүстігінде сынақтан өткізіп жатқан жайы бар. Бұған қоса, шаруа қожалығы 2019 жылы «жаздық және қыстық бидай, арпа, сұлы дақылдарын сұрыптау бойынша П.П.Лукьяненко атындағы Ұлттық Тұқым орталығының базалық шаруашылығы мәртебесіне ие болды.
Осылайша, семинар барысында «Ауыл» ХДПП-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы төрағасы Фарид Абитаев өзінің тәжірибелерін ортаға салып, ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған бірнеше ұсынысымен бөлісті.
Шаруаның айтуынша, осындай ғылыми жобалар толығымен жүзеге асса, ауыл-аймақ азаматтарының өмір деңгейін жақсартуға мүмкіндік туындайды екен.