- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Шаруаларға су үнемдеу жүйесін орнату шығынының 80%-ы өтеледі: Субсидияны кім ала алады?
Шаруаларға су үнемдеу жүйесін орнату шығынының 80%-ы өтеледі: Субсидияны кім ала алады?
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
17 Қараша 2026, 09:43
Қазақстанда тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін енгізген шаруалардың инвестициялық шығындарының 80 пайызына дейін мемлекет өтейді. Субсидия қандай жабдықтарға беріледі, бір гектарға қанша қаражат қарастырылған және қолдау алу үшін қандай талаптарды орындау қажет? Су ресурстары және ирригация министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында осы мәселелерді түсіндірді.
Су үнемдеу жүйесін орнатуға қанша субсидия беріледі?
СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Нуриханованың айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру үшін инвестициялық шығындарды субсидиялау тетігі қарастырылған.
2025 жылғы сәуірден бастап бұл бағыттағы субсидиялау функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігінен Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілген.
Қазір қолдау шаралары Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 26 маусымдағы №153-НҚ бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Осы қағидалар аясында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін, сондай-ақ суармалы суды алу және жеткізу инфрақұрылымын сатып алу мен орнатуға жұмсалған шығындардың бір бөлігі өтеледі, - деді сарапшы.
Инвестициялық субсидия мөлшері тиісті шығындардың нормативтік құнының 80 пайызына дейін жетеді. Бұл деңгей жалпы сипаттағы трансферттер есебінен және белгіленген талаптар сақталған жағдайда тарихи суармалы жерлер бойынша қарастырылған.
Субсидиялаудың шекті нормативтері мынадай:
- су алу және жеткізу инфрақұрылымына – гектарына 800 мың теңгеге дейін;
- алқаптың ауданы 50 гектарға дейін болған жағдайда фронтальды және айналмалы жаңбырлатқыш машиналарға – гектарына 800 мың теңгеге дейін;
- алқаптың ауданы 50 гектардан асса, жаңбырлатқыш машиналарға – гектарына 600 мың теңгеге дейін;
- тамшылатып суару жүйелеріне – гектарына 800 мың теңгеге дейін.

Субсидия алу үшін қандай талаптар қойылады?
Мемлекеттік қолдау алу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші сатып алынған жабдықтың нысаналы пайдаланылуын және субсидиялау қағидаларының талаптарын сақтауы керек.
Атап айтқанда, инвестициялық салымдарды нысаналы пайдалану туралы келісім жасасу және сатып алынған жабдықты үш жыл ішінде иеліктен шығармау міндеті көзделген.
Егер белгіленген міндеттемелер бұзылса, алынған субсидия бюджетке қайтарылуға тиіс.
Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қанша алқапқа енгізілді?
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жыл сайын кемінде 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген.
Ведомство ұсынған енгізу көрсеткіштері:
- 2024 жылы – 152,8 мың гектар;
- 2025 жылы – 153,6 мың гектар;
- 2026 жылы – 158,8 мың гектар.
2026 жылғы көрсеткіш облыстардың мәліметтері негізінде берілген.
Ал бекітілген жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың көлемін 1 млн 362,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.

Министрлік бұл көрсеткіштерге мемлекеттік инвестициялық қолдау, субсидиялау тетіктерін жетілдіру және ирригациялық инфрақұрылымды дамытуға жеке инвестициялар тарту арқылы қол жеткізуді көздеп отыр.
Айта кетейік, министрлік жауабында өңірлер бөлінісіндегі нақты көрсеткіштер ұсынылмаған. Сондай-ақ 2023 жылға қатысты дерек көрсетілмеген.
Су үнемдеу технологиялары қанша суды үнемдейді?
Министрліктің түсіндіруінше, тамшылатып суару суды тікелей өсімдіктің тамыр аймағына жеткізіп, оның өнімсіз шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Ал жаңбырлатып суару жүйелері судың алқап бойынша біркелкі бөлінуін қамтамасыз етіп, суару процесін автоматтандыруға жағдай жасайды.
Ведомствоның жоспарлы бағалауынша, тиісті шараларды іске асыру нәтижесінде шамамен 2,2 млрд текше метр су үнемдеуге немесе су тұтынуды 20-30 пайызға төмендетуге мүмкіндік бар.
Дегенмен нақты үнемделетін су көлемі дақыл түріне, топырақ-климаттық жағдайға, суару инфрақұрылымының техникалық жай-күйіне және агротехнологиялық талаптардың сақталуына байланысты.
Министрлік келтірген дерекке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында су үнемдеу технологиялары қолданылған алқаптың жалпы көлемі 543,5 мың гектарды құрап, 874 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берген.
Бұл ретте су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалған инвестициялық шығындарды субсидиялау мен судың нақты үнемделуін бағалау екі бөлек бағыт бойынша жүргізіледі. Нақты тиімділік жеке мониторинг аясында бағаланады.
2026 жылы субсидияға қанша қаражат бөлінді?
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы су үнемдеу технологияларын енгізуге шамамен 24,2 млрд теңге бағытталған.
Ал 2026 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге инвестициялық субсидия төлеуге жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 58,5 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі кезеңдегі мәлімет бойынша, осы қаражаттың шамамен 80 пайызы игерілген. Өңірлердің ақпаратына сәйкес, жыл соңына дейін бөлінген қаржыны толық игеру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға 214,6 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл алдыңғы үшжылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге бөлінген.
Субсидия төлеу өтінімдердің түскен күніне сәйкес хронологиялық тәртіппен және бюджетте қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Шаруаларға қандай қиындықтар кедергі?
Министрлік су үнемдеу технологияларын енгізуді тежейтін негізгі факторлардың бірі ретінде жабдықтардың бастапқы құнының жоғарылығын және шаруаларға қажетті инвестициялық салымдардың көлемін атады.
Бұған қоса, қолданыстағы ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі, кейбір шаруашылықтардың инженерлік желілермен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық мүмкіндіктерінің шектеулілігі де қиындық туғызады.
Осыған байланысты мемлекет инвестициялық субсидиялау тетігін жетілдіріп, суару суына берілетін субсидиялардың сараланған мөлшерін енгізген. Су үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда суару суына берілетін субсидия көлемі 60 пайыздан 85 пайызға дейін артады.
Сонымен қатар субсидияланатын технологиялар тізіміне лазерлік жер тегістегіштерді қосу, жерасты суын көтеруге жұмсалатын электр энергиясының шығындарын өтеу, ылғал жинақтаушы суару мен сортаңданған топырақты шаю жұмыстарын қолдау бағытында өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Ведомство сондай-ақ су үнемдеу технологияларына арналған жабдықтардың отандық өндірісін дамыту, шығарылатын өнімнің сапасы мен жергілікті қамту деңгейіне мониторинг жүргізу бағытында жұмыс атқарып жатқанын хабарлады.
Ең оқылған:
- Индонезия президенті орман өртінің түтіні үшін Сингапур мен Малайзиядан кешірім сұрады
- Үшінші әйел, тыңшылық күдігі мен миллиардтар: Дженсен Хуанг дауы қалай өрбіп жатыр?
- «Менің де сұрағым бар»: Сүлейменова аттестаттауға қатысты сынға жауап берді
- Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу жеңілдеді: Емтиханды енді шектеусіз тапсыруға болады
- Мемлекет басшысының өкімімен Әлихан Жамсатов лауазымынан босатылды