Қазақстанда бір қатысушысы бар шаруа қожалықтары үшін «5%-дық жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша өтінімді қарау мерзімі екі жұмыс күнінен 5–10 минутқа дейін қысқартылды. Құжат рәсімдеу кезеңдерінің саны да шамамен 80-нен 30-ға дейін азайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл өзгерістер «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдары 2024–2025 жылдары мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестеріне жүргізген реинжиниринг жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асты.
Бұған дейін мұндай өтінімді беру және қарау процесі 80-нен астам қадамды қамтыды. Ақпараттың едәуір бөлігі қолмен енгізілетін, ал өтінімді қарау мерзімі екі жұмыс күніне дейін созылатын. Жүргізілген реинжинирингтен кейін қадамдар саны шамамен 30-ға дейін қысқартылды. Ал «ҚазАгроҚаржы» порталында өтінімді қарау мерзімі 5–10 минутқа дейін азайды, – деді Бекболат Молдабеков.
Келесі кезеңде бұл процесті eGov Business жүйесімен интеграциялау жоспарланып отыр.
Өтінім беру кезінде қажетті ақпараттарды автоматты түрде толтыру үшін мемлекеттік органдардың қолданыстағы деректерін пайдалану көзделген.
Бұл өтінім берудің қосымша цифрлық арнасын қалыптастыруға, кәсіпкердің әрекеттер санын азайтуға және өтінімді іс жүзінде бірнеше қадаммен беруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті вице-министр.
Кәсіпкер веб-портал және мобильді қосымша арқылы мемлекеттік қолдау шарасының талаптарымен танысып, өтінім бере алады, құжаттарға қол қояды және қаржы операторларының өтінімді қарау барысын нақты уақыт режимінде бақылай алады.