Қазақстанда фермерлер шаруашылықта энергия үнемдеп, жаңартылған энергия көздерін (ЖЭК) пайдаланатын болса, оған БҰҰ Даму бағдарламасы қаржылай қолдау көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Яғни, «Жасыл жобалар» үшін несие алған кәсіпкерлердің несиесіне 25% және 40% мөлшерінде субсидия береді және сол несиеге 85% кепілдік те ұсынады.
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында шаруаларға БҰҰ Даму бағдарламасының қолдау шаралары туралы айтылды. Агроөнеркәсіп департаменті ұйымдастырған онлайн-семинарға еліміздің түкпір-түкпірінен фермерлер қатысып, БҰҰ Даму бағдарламасының мамандарыны қандай субсидия ала алатынын баяндады.
Біздің кәсіпкерлер, атап айтқанда фермерлер өндірісте жаңартылатын энергия көздерін тұтынып, тиімді қолдау бағдарламаларын пайдалана алады. Энергия бағасының өсуін, энергия үнемдеудің маңыздылығын ескере отырып, бұл бағыттың перспективасы жоғары деп санаймыз. Тұтастай алғанда, біздің табиғатымыздың биоалуантүрлілігін сақтау маңызды. Сол себепті мұндай бастамаларды қолдаймыз, – деп атап өтті Ұлттық палатаның АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев.
Сондай-ақ, семинарға тәжірибелі кәсіпкер – «Агропрофи» ЖШС басшысы Николай Денисов қатысып, осы бағдарлама бойынша өзінің жұмыс тәжірибесі туралы айтып берді.
Біздің кәсіпорын Солтүстік Қазақстанда орналасқан. Жылу энергиясымен айналысамыз. Қазандық орнатамыз. Екі жоба үшін банктен 196 млн теңге алдық. 2018 жылы сол жобаларға субсидия алуға «Даму» арқылы өтініш бердік. Субсидия алдық. Қазандықтан әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Қазандықтардың жұмысы арқылы жылу сапасы жоғарылады. Екіншіден, атмосфераға шығатын қалдық 73 пайызға қысқарды. Үшіншіден, біз жергілікті фермерлерден сығымдалған сабан ала бастадық. Яғни, біздің жылу көзіміз сол фермерлердің өнімі, – деп бөлісті тәжірибесін Николай Денисов.
Қаржылай қолдау бағдарламаларын жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар және шаруа қожалықтары пайдалана алады. Негізгі үш жоба аясында үш қаржылай қолдау бағдарламасы бар.
БҰҰ Даму бағдарламасы – ғаламдық энергия қоры жобасының сарапшысы Ерлан Дайырбеков бірінші бағыт бойынша ЖЭК технологиясын сатып алатын шаруаларға күн панелін немесе басқа да құрылғыларды өндірісте қолданатын фермерлерге инвестициялық субсидия алуға болатынын атап өтті.
Екінші бағыт – Көміртекті дамуы төмен тұрақты қалалар. Бұл энергияны үнемдейтін кәсіпкерліктерге бағытталған. Мысалы, жарықты алмастыру, ғимаратты жылыту, автоматтандырылған жылу пунктерін орнатуда ЖЭК пайдаланатын шаруалар ала алады. Үшіншісі, бұл да энергияны үнемдеуге бағытталған, тек субсидия ұсынуда айырмашылығы бар, – деп түсіндірді Ерлан Дайырбеков.
Қорыта айтсақ, шаруа екінші деңгейлі банктен ЖЭК пайдаланатын кәсібі үшін несие алады. Содан кейін БҰҰ Даму бағдарламасының субсидиясын пайдалану үшін оны «Даму» қорына ұсынады. Содан кейін жоба мақұлданса, несиенің 25 немесе 40 пайызын қайтарымсыз негізде БҰҰ Даму бағдарламасы өтейді. Мысалы, шаруа банктен 10 млн теңге несие алса, БҰҰ Даму бағдарламасы оның 25 немесе 40% қайтарымсыз негізде өтеп береді.
Сонымен қатар, несие алатын кезде кепіл толық болмаған жағдайда БҰҰ Даму бағдарламасы несие сомасының 85%-ына кепілдік беруге дайын.