Шарбақты ауданында астық диірменінің жұмысы қайта жанданды

28 Қазан 2022, 15:01
1151
Бөлісу:
Шарбақты ауданында астық диірменінің жұмысы қайта жанданды

10 жыл өтісімен аудан орталығында өңдеу нысаны қайта іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сонымен қатар, бұрынғы СЭС ғимараты көпқабатты үй болып қайта салынды. Жұмыс сапарының екінші күні өңір басшысы Шарбақты ауданының тұрғындарымен кеңейтілген кездесу өткізді.

«Шарбақты элеваторы» ЖШС диірмен кешені биылғы жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді. Кәсіпорында бес адам жұмыс істейді - бәрі жергілікті тұрғындар. Жобалық қуаттылығы әрбір ауысымында 60 тонна өнім. Диірмен бірінші, екінші сұрыпты ұн мен кебек шығарады. Облыс әкімі өндіріс көлемін ұлғайтуды тапсырды.

Жыл бойы жұмыспен қамтитын осындай нысандардың пайда болуы - жақсылықтың нышаны. Өңдеу мен жобалық қуаттылыққа қарай ұмтылу керек. Ауданда жұмыс жүйелі тұрде құрылған: астық алқаптары мен қоймалар бар. Әрі қарай дайын өнім туралы ойластыру керек, оның ұтымды моделін іздестіру қажет, – деді Әбілқайыр Сқақов.

Шарбақты аграрлық-техникалық колледжде 125 адам білім алуда. Жыл сайын колледжде қысқа мерзімді біліктілік арттыру курстары бойынша 30 адам оқытылады. Өзекті мамандықтар орталығында ауданның 78 тұрғыны білім алып шықты. Әбілқайыр Сқақов білім беру мекемесі жанындағы ӨМО жұмысын күшейтуді тапсырды.

Қазіргі кезде колледждер толықтай тәуелсіз. Еңбек нарығындағы дефицит жағдайында мамандарды екі-үш жылда емес, бір жыл немесе алты ай ішінде даярлап шығуымыз қажет. Колледж директоры шаруа қожалықтары талаптарына сай білім беру бағдарламасын өзгерте алады, – деп ұсынды облыс басшысы. 

Осы жерде өңір басшысына өсімдік майын өндіру жөніндегі жоба таныстырылды. Болашақ кәсіпорын қуаттылығы тәулігіне 50 тонна немесе бір маусымда 120 мың тонна май. Өндірістің нысан төрт цех пен майды сақтау резервуарларынан тұрады. Жергілікті тұрғындар ішінен 277 адамды жұмыспен қамту көзделуде. Құрылыс 2023 жылдың мамырында басталмақ.

Санитарлық-эпидемиялық бақылау станциясының бұрынғы ғимараты тұрғын үй болып қайта салынды. Мұнда 18 пәтер орналастырылады. Жоба құны 194 млн теңге. Қажетті процедуралардан соң баспана әлеуметтік санаттағы тұрғындарға беріле бастайды. Әбілқайыр Сқақов кезекте тұрған адамдар тұратын тұрғын үйдің сапалы болуына ерекше көңіл бөлу керектігін қадап айтты. Қазір ауданда мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға 200-ге тарта адам кезекте тұр.

Шарбақты ауданы - ауыл шаруашылығы саласында облысымыздағы алдынғы қатарлы аудандардың бірі. Мал шаруашылығында өнімділік 1,3 есеге артты. Екі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 500 тонналық көкөніс қоймасын пайдалануға беріп, 2 мың тонналық екі көкөніс сақтау қоймасы мен 300 бас етті ірі қара мал өсіретін база салу көзделуде.

Инфрақұрылым мәселесіне тоқталған облыс басшысы аудан әкіміне Сынтас пен Малиновка ауылдарын таза ауызсумен қамту жөніндегі жобаларды сапалы әрі уақтылы аяқтауды міндеттеді.

Шарбақты ауылындағы су құбыры учаскелерінің қыста қату мәселесін шешу үшін құбырды күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тездетуді тапсырамын. 27 ауылдың 10-ында мобильді интернет жоқ немесе сигналы әлсіз. Цифрлық технологияларды дамыту басқармасы мен аудан әкімі қалған ауылдарды интернетке қосу жоспарын құрып, жұмысты алдағы 2 жылда толық аяқтау қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов. 

Оң өзгеріс білім беру саласында да байқалады. Ауданда республикалық және облыстық конкурстардың 625 жеңімпазы мен жүлдегері бар. Үш жылда 8 мектеп жаңартылды. Соның ішінде 2022 жылы аудан орталығындағы екі мектеп мен Сосновка мен Галкино ауылдарындағы білім орындары модернизацияланды.

Облыстық басқармалар басшыларының көшпелі кездесулері кезінде аудан тұрғындарынан 74 сауал келіп түсті. Олардың 40%-ы әлеуметтік салаға қатысты. Әбілқайыр Сқақов аудан әкіміне оларды жергілікті деңгейде шешуді тапсырды. Бүгінде өңірімізде күрделі өмірлік жағдайға душар болған отбасыларға кепілденген төлемдер ұсыну түріндегі әлеуметтік көмек пен қолдаудың «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық режимде жүзеге асырылуда.

Сауалдардың басы көпшілігі әлеуметтік нысандарды жаңартуға қатысты болды. Мысалы, Хмельницкое ауылының тұрғыны мектепті күрделі жөндеуді өтінді. Оған қоса, ауылға балалар және спорт алаңдары қажет. Облыс әкімі аудан басшылығына ауылдық саябақты ретке келтіріп, онда балалар мен жастарға қажет аймақтар қарастыруды міндеттеді. Мектеп болса, келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына сәйкес жөнделетін болды. Шарбақты ауданының тұрғындарымен кездесудің соңында Әбілқайыр Сқақов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы