Шәпкенов Махамбет және Индер аудандарындағы су тасқыны жағдайымен танысты

10 Мамыр 2024, 14:22
231
Бөлісу:
Шәпкенов Махамбет және Индер аудандарындағы су тасқыны жағдайымен танысты
Фото: Атырау облысы әкімдігінен

Серік Шәпкенов Махамбет және Индер аудандарындағы су тасқыны жағдайымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атырау облысының әкімі Махамбет және Индер аудандарындағы су тасқынының жағдайымен танысып, жағалауды бекіту жұмыстарының барысын тексерді.

10 мамыр сағат 12:00 - дегі жағдай бойынша Махамбет ауылындағы Жайық өзенінің деңгейі - 927 см. Бұл қауіпті деңгейден 77 см - ге асады. Бөгеттердің жалпы ұзындығы-65,5 км, орташа биіктігі-3 метр. Қосымша 1,5 км бөгеттерді көтеру және нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Аймақ басшысы Талдыкөл ауылындағы жағдаймен танысып, жағалауды эрозиядан қорғау бойынша қосымша жұмыстар жүргізуді және бөгеттерді одан әрі нығайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын Сарайшық ауылында да жүргізуді жүктеді.

Бұдан бөлек облыс әкімі Индер ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Индер кентіндегі Жайық өзенінің деңгейі - 1016 см, бұл қауіпті деңгейден 170 см-ге жоғары. Осы жағдайға байланысты облыс әкімі Индер кентінде бөгет нығайту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бүгінгі таңда бұл жұмыстарға 15 бірлік техника жұмылдырылған, бөгеттің жалпы ұзындығы - 2600 метр.

Индер ауданы Елтай ауылында бөгеттерді нығайту бойынша қосымша жұмыстар жүргізіліп, оған төрт бірлік техника, 70 әскери қызметкер мен еріктілер тартылуда.

Атырау облысында барлығы 522 шақырым жағалауды қорғау бөгеттері салынып, 5 миллионнан астам құм толтырылған қапшық төселді. «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 10 мамыр күні сағат 12.00-дегі жағдайға сәйкес Жайық өзенінің деңгейі Индер кентінде - 1016 см, 4 сағатта +4 см, Махамбет селосында - 927 см, 3 см-ге көтерілген. Атырау қаласында 530 см, 2 см-ге көтерілген. Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауылында соңғы 4 сағатта өзен деңгейі -1 см-ге төмендеді. Жайық өзенінің қауіпті учаскелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы