Ең әдемі киім – ұлттық киім. Қазақи киімдерге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Оны тақия, шапан, қамзол киіп, ұлттық әшекей бұйымдарды таққан қыз-жігіттерден байқауға болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық киімдерді тігіп, оны насихаттап жүрген этнодизайнерлер қатары да жыл санап өсіп келеді. Солардың бірі - Марипа Тұслан.
Ол Ақмола облысы, Қараөткел ауылының тұрғыны. Тігін саласымен айналысып жүргеніне 30 жылдан асқан.
BAQ.KZ тілшісі қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап жүрген дизайнерді әңгімеге тартты.
- Марипа ханым, қолөнерге қалай келдіңіз, оған деген махаббат, сүйіспеншілік сіздің өміріңізде қай уақытта бастау алды? Ең алғашқы тырнақалды қолөнеріңіз есіңізде ме? Әңгімемізді осыдан бастасақ...
- Қолөнерге 13-15 жасымнан бастап қызығып, кесте тігіп, ою оя бастадым.
9-сыныпты аяқтағаннан кейін Талдықорған қаласындағы коллеждге оқуға түстім. Осы мамандық бойынша арнайы білімім бар. Сөйтіп оқуды 19 жасымда аяқтап, сол кезден бері тігін ісімен айналысып келе жатырмын.
Ең алғашқы тырнақалды қолөнерім кесте тігуден басталды.
Тігін өнерін жан дүниеммен жақсы көремін. Қолым бос болса, тігін тіккім келіп тұрады.
- Қазір айналысып отырған кәсібіңізге отбасыңыз да қолдау көрсете ме?
- Әрине, жолдасым, енем, ұлым, қызым үнемі қолдайды. Жолдасым қамқорлығын жиі көрсетіп, қолдап отырады.
Отбасымның мүшелері осы кәсібімізге әрқашан қолдау көрсетіп отырады.
Ұлым Алматыдағы спорт мектебінде оқиды, арасында үйге келген кезде киімге түзусызық басып, тігін машинасына отырып тапсырыстарыма үлгермей жатсам жәрдемдеседі.
- Көп адам киімге талғаммен қарайтыны жасырын емес. Өнім шығармастан бұрын жаңа ойларды, идеяларды қайдан аласыз? Киімдеріңізді қандай материалдан тігесіз?
- Негізі киімдерді заманауи ұлттық стильде тігемін. Оларды көбіне барқыттан, таза былғарыдан жасаймын. Әйелдерге жібек маталардан көйлектер тігемін. Киім тікпестен бұрын, алдымен кимінің эскизін суретке салып аламын.
Ал жалпы заманауи киімдерді, әсіресе шапанды көбінесе паң барқыттан, таза былғарыдан. Қалған тапсырыстарды тұтынушының қалауы бойынша матаны таңдап тігіп беремін.
Кішкентайымнан әкемнің қолөнермен айналысатынын көріп өстім. Әкем былғарыдан оюлап, теріні илеп тұрып тігетін. Былғарыдан етік, одан бөлек аяқ киім, ер-тоқым тіккен шебер.
Шапанымыздың артына еліміздің белгілерін қоямыз. Мысалы, елтаңбаны. Оның әр оюын мәнерлеп, барынша түпнұсқаға ұқсатып жасаймыз. Әйтпесе елтаңбамызға сөз келеді ғой... Сол себепті жауапкершілік өте жоғары.
- Ұлттық рух - ұлттық киім. Салт-дәстүрді дәріптеу әрқашан халқымыз үшін өзекті болып қала бермек. Жалпы ұлттық киім шығарудағы басты мақсатыңыз...
- Басты мақсатым - қазақтың ұлттық тәрбиесі мен ұлтымыздың салт-дәстүрлерін сақтап қалу. Үйде балаларыма ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді ұмытпау керегін үнемі айтып отырамын. Яғни киім арқылы ұлтымыздың осы дүниелерін дәріптеуге тырысып жүрміз.
- Қазақи оюланған киім, ұлттың көз қарашығына айналған өнімге халық қалай бағалады?
- Қазақи киімдерді халық өте жоғары бағалайды. Әсіресе ата-әжелеріміз ерекше қолдайды. Олар демеу беріп, жылы лебіздерін айтып жатады.
- Сіздің ойыңызша, сән үйлері арасында ұлттық киімге бәсекелестік жоғары ма?
- Иә, бәсекелестік бар.
- Ұлттық киімдеріңізге тапсырыстар көбіне қай өңірлерден түседі?
- Астана, Қарағанды, Алматы, Өскеменнен түседі. Шетелден де тапсырыстар келеді. Мысалы, Моңғолиядан, ең соңғы тапсырыс Япониядан түсті.
- Баларыңыздың қолөнерге қызығушылығы қалай?
- Бір қызым бар. Есімі – Фатима. Сән үйдің атын қызымның есіміне орай қойғанбыз. Қазірден бастап үйретіп жүрмін. Қолдан моншақ сырға, алқа жасайды. Қызым әлі қай салаға баратынын шеше алмай жүр. Біресе сәнге барғысы келсе, біресе спорт саласына кетемін дейді.
- Соңғы кезде қазақы нақыштағы киімдерге қызығушылық өте жоғары. Жасы да, үлкені де кигісі келеді. Бірақ бағасы қолжетімсіз. Қымбат. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
- Өйткені қолөнер ғой. Қолдан жасалған киім, бұйым, қолөнер қашан да қымбат болады.
Жәрмеңкеде ұлттық киімдерге сұраныс, қызығушылық өте жоғары болады. Тіпті шетелдіктердің де қызығушылығын байқаймыз.
- Марипа ханым, сіз үшін ұлттық киім деген не?
- Қазағымыздың ұлттық киімдері әрқашанда күнделікті күйбең тіршілікте қолданатын тарихымыздың көзі, ғасырдан ғасырға жаңғырып келе жатқан қазақи стиль, салт-дәстүріміздің көрінісі, көзі деп ойлаймын.
Жыл санап келешек ұрпаққа қазағымыздың шапаны, қамзолы, қыздарға арналған кеудешелері, саптама етік, былғарыдан тігілген күртешелер күнделікті киюге қолданысқа ие болса, нұр үстіне нұр болатын еді.
Мен үшін әлемдегі әң әдемі киім - қазақтың ұлттық киімі деп есептеймін. Күнделікті өмірде киюге өте ыңғайлы.
- Жас дизайнерлерге, осы салаға қызығатындарға қандай кеңес айтасыз?
- Бұл сала өте керемет сала ғой. Өзіңнің киіміңді тігіп аласың, өзгеге тігесің, табысыңды табасың. Қалтаңда әрдайым ақшаң болады. Көршіңнің шалбарын қысқартып берсең де, табыс таба бастайсың.
Маған кейде “оқытасың ба” деген сұраныстар да түседі. Уақытым жетпегендіктен, қазір одан бас тартып жүрмін. Енді алда шәкірт тәрбиелеуді бастаймын деп отырмын.
- Өз кәсібіңіз арқылы ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға, сақтауға өз үлесіңізді қосып жүрсіз. Алдағы уақытта тағы қандай өнімдеріңізбен қуантпақсыз? Жоспарларыңызды бөліссеңіз...
- Біздің шеберханамыз мектептерге де ұлттық киімдерді тапсырыспен тігеді. Енді болашақта шеберханымызды үлкейтіп, күнде киетін киімдерді шығарсақ деген арман бар. Киімдерді Қырғызстаннан, Қытайдан әкелгенше, өзіміздің өнімдерді, киімдерімізді шығарсақ, керемет болар еді.
Келешекте шетелге шығарамыз деген ойдамын. Біздің қазақтың ұлттық киімдерін басқа да ұлт өкілдері көріп, танысқанын қалар едім.
- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Кәсібіңізге табыс тілейміз!
Эльнура Бисенғали