Шанхайда қазақ халқының тарихи мұрасы таныстырылды

«Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» көрмесі 2026 жылдың 30 тамызына дейін жалғасады.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі Бүгiн 2026, 15:46
Бүгiн 2026, 15:46
196
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Шанхай тарихи музейінде Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған «Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» атты халықаралық көрме ашылды. Көрме Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Шанхайдағы Бас консулдығының және Шанхай халық үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Бұл жоба 2025 жылы өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінде Алматы мен Шанхайға бауырлас қалалар мәртебесі берілгеннен кейін қол жеткізілген келісімдердің жалғасы болды. Ынтымақтастыққа 2026 жылдың сәуірінде Шанхай мэрі Гун Чжэннің Алматыға жасаған ресми сапары да серпін берді. Сол сапардың қорытындысында Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Шанхай тарихи музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 100-ге жуық жәдігер қойылған. Экспозиция келушілерді қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстырады. Оның құрамына этнографиялық бұйымдар, мұрағат құжаттары мен фотосуреттер, ұлттық музыкалық аспаптар, сондай-ақ 1287 жылы Алматыда соғылған күміс дирхамдар енген.

Экспозицияның жеке бір бөлігі ұлттық музыка мәдениетіне арналған. Келушілер QR-кодтардың көмегімен қазақтың халық музыкалық аспаптарының үнін тыңдай алады.

Көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музейлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған.

Наверх