Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Шамалғандағы оқыс оқиғада мерт болған автобус жүргізушісінің жары Ләйлә Жарылғасова тергеу ісінің кенеттен басқаша өрби бастағанына алаңдаулы.
Оның айтуынша, сот қайғылы оқиғаға марқұм Нұрғали Сорокубаны кінәлі деп, істі жылы жауып қоя салмақ.
Мен ҚР IIM Көлiктегi полиция департаментiне осымен төртінші рет бардым. Алғаш барғанда оқиға қалай болғанын бәрін баяндап, түсінік бердім. Кейін неше рет сараптама жұмыстары жүргізілді, 16-дан аса сараптама жасалды. Бірақ мені оған қатыстырған жоқ. Үшінші рет тергеушілер оқыс оқиға болған жердегі пойыз өткелінің диспетчері өз кінәсін мойнына алып жатыр деп шақырды. Сөйтіп маған ол "өз кінәсін мойындағанда, сіз қарсылық танытпайсыз" деп түсінік жаздырып алды. Төртінші рет шақыртқанда Ерназ деген тергеуші бұл апат бойынша іс жабылатынын айтты. "Неліктен?" деп сұрағанымда "сіздің күйеуіңіз кінәлі ретінде қаралып жатыр" деді, - дейді Ләйлә Жарылғасова.
Оның пайымдауынша, бұған диспетчер қорғаушысының өзгергені себеп болған.
Алдыңғы адвокаты "сіз мойындауыңыз керек, кінәңіз анықталып тұр" дегендей айтыпты. Кейін мекеме ол адвокатты алып тастап, басқасын қойған. Жаңа адвокат енді істі басқаша жүргізіп жатыр. Яғни, диспетчер "мен қолыма жалау алып пойызды тоқтатуға әрекет жасадым, менің кінәм жоқ" деп жатыр екен. Негізі олай болған жоқ. Ол кісі жай қарап тұрды, тіптен маңайымыздағы бірде-бір адам көмектесуге әрекеттенбеді. Ол кісі мүгедектігі бар, жарымжан адам екен. Екі сөздің басын әрең қосып айтады. Ондай адамды жауапты жұмысқа қалай алғаны белгісіз, - дейді марқұмның жесірі.
Оқыс оқиға болған жерде "Сергек" камерасы орнатылған. Алайда, дәл сол күні ол жұмыс істемей қалды деп, оны жасырып отырған көрінеді.
Тергеу басталғанда маған жәбірленуші ретінде қараған, енді күдіктінің өкілі болып отырмын. Күйеуімді қылмыскер дегенмен келіспеймін, керісінше ол көптеген адамның өмірін сақтап қалды, - дейді ол.
Әйел "пойызға жауапты мекеме де, басқасы да көңіл айтып, жағдайымызды сұрап келмеді" деп налиды.
Олар біз кінәлі емеспіз деп отыр. Өлер адам өлді деп, бәрін жылы жауып қоя салғылары келеді. Мен оларға ондай мүмкіндік бермеймін. Күйеуім екеуіміз адамдарды автобустан шығардық. Кейбірі "есік ашылмай қалды" деп жатыр. Олай емес, екі есік те ашылған, әйтпесе 60 адам бір есіктен қайтіп шығады, - деп ренішін білдірді ол.
Сондай-ақ, ол адамдар безбүйректік танытпаса, апаттың алдын алуға болар еді деген ойын білдірді.
Кептелісте тұрғанда күйеуім қатты сигнал берді. Алдымызда тұрған көліктердің ешбірі қозғалмады. Негізі жылжып, орын ашуға болар еді. Тіптен, адамдарды түсірісуге де ешкім көмекке келмей қарап тұрды. Автобуста балалар, үлкен кісілер болды. Соларға көмектессе, мұндай жағдай болмас па еді?... Керісінше, бәрі телефонға түсіріп тұрды, - дейді Жарылғасова.
Қайғылы оқиға болған күні өткелде кезекші болған Досбатыр Ахметжанов 31 телеарнаға берген сұхбатында ол күні міндетін нұсқаулыққа сай атқарғанын айтады.
Менің бұған ешқандай да кінәм жоқ. Автобус өзі келіп кірді, алдында да, артында да машиналар тұрып қалды, - дейді ол.
Сондай-ақ, ол пойыз 668 метрдей жерде келе жатқанда бағдаршамның қызыл түстерін қосқанын жеткізді.
Мен бағдаршамның қызыл түсін жағып, жалаушамен пойызға қарай жүгіріп, оны тоқтатуға тырыстым. Бірақ пойыз тоқтамады, - дейді диспетчер.
"Қазақстан темір жолы" ҰҚ" АҚ-ның мәліметінше, автобусты қаққан пойыз "Түркісіб Астана" ЖШС-не тиесілі екен. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары бітуге жақын қалған. Бұл жайтты біздің агенттік жіті бақылауына алып, алда өтетін соттан ақпарат тарататын болады.
Еске салсақ, 16 қыркүйек күні кешкі сағат 19.20 шамасында Алматы-Шамалған теміржол өткелінде "Алматы-Қостанай" бағытындағы жолаушылар пойызы мен Қаскелеңге бара жатқан рейстік автобус соқтығысқан болатын. Оқыс оқиғадан автобус жүргізушісі Нұрғали Сорокуба көз жұмды, тағы 33 жастағы әйел 3 және 5 жасар баласымен ауыр жарақат алған еді.