Шахматтан әлем чемпиондарына өмір бойы қаржылай көмек берілмек

20 Шілде 2023, 23:30
758
Бөлісу:
Шахматтан әлем чемпиондарына өмір бойы қаржылай көмек берілмек
Фото: архив

Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттен өмір бойы материалдық көмек алуға құқылы спортшылар қатарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл санатқа шахмат олимпиадасының ересектер арасындағы классикалық шахматтан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен олардың жаттықтырушылары қосылуы мүмкін. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған консультативтік құжат жобасынан белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сондай-ақ спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы материалдық көмек алу үшін қойылатын өзге талаптарға да өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Оның ең бастысы – міндетті еңбек өтілін 20 жылдан 10 жылға дейін төмендету. Алайда, бұл ретте талапкер 10 жыл Қазақстанда және дене шынықтыру және спорт саласында еңбек етуі тиіс.

Ескерту: Құжат жобасында өмір бойы материалдық көмек тек Қазақстан азаматтарына ғана берілетінін нақтыланған.

Мәдениет министрлігінің түсіндіруінше, зияткерлік спорт түрі саналатын шахмат Олимпиадалық ойындар секілді әлемде бәсекелестік өте жоғары спорт санатына жатады.

Осыған байланысты спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын зияткерлік спорт түрлері бойынша материалдық қамтамасыз ету Қазақстанның зияткерлік ұлтын қалыптастыруға ынталандырушы болады, – деп жазылған министрліктің түсіндірмесінде.

Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 9 тамызға дейін.

Айта кетейік, қазіргі таңда мұндай көмек Олимпиада, Паралимпиада және сурдлимпиада жеңімпаздары мен олардың жаттықтырушыларына беріледі.

Өзгелердің жаңалығы