ШҚО-ның 20 мыңнан астам медицина қызметкері наурыздан бері үстемақы алып келеді

3 Қазан 2020, 00:30
1299
Бөлісу:
ШҚО-ның 20 мыңнан астам медицина қызметкері наурыздан бері үстемақы алып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО-да наурыздан бастап қауіпті індетпен күресуге тартылған медицина қызметкерлері жоғары көлемде жалақы алып келеді, деп жазды Аltaynews.kz.

Еске сала кетсек, жәрдемақы мөлшері тәуекел тобының санатына байланысты. Қауіптілігі аса жоғары топтың бірінші санатына жұқпалы аурулар стационарларының, коронавируспен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері және басқа да ауруханалардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кірді. Олар үшін үстемеақы мөлшері 850 мың теңгеге дейін белгіленген.

Провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық жәрдемнің, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдардың жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлер, санитариялық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері жұмылдырылған жағдайда жоғары тәуекел тобына жатады. Қызметкерлердің бұл санаты 425 мың теңгеге дейін қосымша ақы алады.

Орташа қауіп тобына карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медициналық қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем бригадаларының жүргізушілері, зертханалардың мамандары, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері, ЖРВИ, пневмония және биологиялық материал алу науқастарын қабылдауға айқындалған шұғыл стационарлардың және МСАК ұйымдарының қабылдау бөлімшелерінің қызметкерлері, блокпостарда карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері кірді. Аталған санат үшін қосымша ақы 212 500 теңгеге дейін белгіленген.

Бұл жағдайда қосымша ақының нақты мөлшері бекітілмеген. Үстемақы жұқтырған пациенттермен немесе байланыста болған адамдармен өткізілген сағат санына байланысты белгіленеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ақпаратына сәйкес, өңірде 41 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалған. Осылайша, коронавируспен күрестің барлық кезеңінде наурыздан тамызға дейін облыстың медициналық қызметкерлерінің үш санатына 4,5 млрд теңгеден астам қаражат төленген.

Инфекциялық стационарлар жатқызылған бірінші тәуекел тобы бойынша 1,6 млрд теңгеден астам сомаға 3 667 қызметкер үстемақы алды.

Екінші тәуекел тобы бойынша 9 229 қызметкер 2 млрд теңгеден астам сомаға жалақыға қосымша төлем алды.

Үшінші тәуекел тобына 855 млн теңге төленді, оған 10 868 қызметкер кірді.

Айта кетейік, жалақыға қосымша ақы тағайындау туралы шешімді облыс әкімі орынбасары төрағалық ететін өңірлік комиссия шығарады. Комиссия құрамына денсаулық сақтау басқармасының, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігінің сапасын бақылау департаментінің, үкіметтік емес ұйымдардың және кәсіподақтардың өкілдері кіреді.

 



Өзгелердің жаңалығы