ШҚО-да жерасты суларының көтерілуіне тосқауыл қойылды

10 Сәуір 2019, 09:54
2649
Бөлісу:
ШҚО-да жерасты суларының көтерілуіне тосқауыл қойылды
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар қызметі тасқын судың алдын алуда гидрограф ғалымдардың көмегін пайдалана бастады. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім болды.

Құзырлы ведомство мамандарының хабарлауынша, қазіргі уақытта Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың гидрограф мамандары Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында жұмыс істеп жатыр.

«Бесқарағай ауылының маңындағы үш көлдің суы көтеріліп тұрғын үйлерге қауіп төндірді. Көл суының ернеуінен асуы қар суынан емес, жерасты суларының көтерілуі салдарынан болған. Бұл жағдай Бесқарағай ауылының маңында осымен үшінші жыл қатарынан орын алып отыр. Көл суының тұрғын үйлерге жайылып кетпеуін қамтамасыз ету мақсатында өткен ақпан айында көлдерді айналдыра дамбалар тұрғызылды. Облыс орталығынан арнайы шақыртылған гидрограф мамандар ауыл маңындағы ойпат жерлерді анықтап, көтерілген көл суын сол жерлерге төге бастадық», - дейді ШҚО ТЖД басшысының орынбасары Александр Ломыгин.

Ауыл маңындағы жер бедері жіті зерделеніп, елді мекеннен бір шақырым қашықтықта орналасқан 15 сантиметрлік ойпат белгіленген. Қазіргі уақытта аталған ойпатқа жақын Куликово көлінен экскаватормен траншеялар қазылып, артық су сонда ағызылуда.

«Гидрографтар зерттеулер жүргізеді. Оның нәтижесі бойынша қорытынды жасалып, жерасты суларымен қалай күресу керектігі анық болады. Аталмыш зерттеулер нәтижесінде құзырлы органдар тұрғын үйлерді қауіпті аумақтан көшірудің, я болмаса өзен арнасын басқа жаққа бұрудың қажеті бар ма, жоқ па екенін анықтайды. Жергілікті билік осының негізінде тұрғын үйді көшіргеннің немесе өзен арнасын бұрудың тиімді екенін саралайды», - деп қосты ШҚО Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Бесқарағай ауылына қауіп төндірген қар суы емес, жерасты сулары көрінеді. Облыс орталығынан келген мамандар жарты жылдықтың соңына қарай сәйкес қорытынды шығарып, құзырлы ведомстволар қолына нақты әрекеттер алгоритмі жазылған ғылыми зерттеуді ұсынбақ.

 

Өзгелердің жаңалығы