ШҚО-да "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 35 жоба қолға алынған

15 Сәуір 2020, 14:47
3255
Бөлісу:
ШҚО-да "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 35 жоба қолға алынған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен "Рухани жаңғыру – халықтың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие жұмысының жаңа кезеңі" атты вебинар барысында айтылды.

"Рухани жаңғыру" өңірлік орталығының мамандары ұйымдастырған шараға жауапты сала өкілдері қатысты. Бұл аталмыш бағдарламаның үш жылдығына орай өткізіліп отырған шара. Вебинар барысында "Рухани жаңғыру" өңірлік орталығының басшысы Мәдениет Ахметова бұл мемлекеттік бағдарламаны нәтижелі түрде жүзеге асырып жатқан жобалық кеңселерге алғысын білдірді. Сондай-ақ ол осы уақыт атқарылған шаруаларды түйіндеп, аталмыш бағдарламаның басты міндеттеріне тоқталып өтті.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында біздің облыста 18 өңірлік жоба мен 17 кіші жоба жүзеге алынып, соңғы үш жылдың көлемінде өңірде 8 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды, - деді Мәдениет Ахметова.
Вебинар  барысында "Рухани жаңғыру" Қазақстандық қоғамдық даму институты" КЕАҚ менеджерлері Серік Молдағалиев пен Жазира Каменова бұл бағдарламаны жүзеге асыру кезінде көрсетілетін методикалық көмек пен сараптамалық жұмыстың жүргізілу барысына тоқталды. Бұдан соң "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жобалық менеджментпен сабақтастыру, жоспарлы түрде жұмыс жүргізу туралы ШҚО ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Гульфия Берікполова баяндама жасады.

Вебинарда Семейдегі жобалық офис жетекшісі Бақытгүл Оралбекова мен Жарма аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қанат Шаймұратов бағдарламаның өңірлерде жүзеге асырылуы, шараларға жастарды тарту мен патриоттық тәрбие беру жөнінде баяндама жасады. Ал Риддер қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Дүкенбаева "Рухани жаңғыру" бағдарламасын ақпараттық қамтамасыз ету төңірегінде сөз қозғады.

Вебинар соңында Мәдениет Ахметова "Рухани жаңғыру" Қазақстандық қоғамдық даму институты" КЕАҚ-пен бірлесе жасалған ұсыныстарды тізбектеп, жаңа қазақстандық қоғам үлгісін қалыптастыру жолында аянбай еңбек ететіндерін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы