ШҚО-да бір жылда 135 мың адамның мәртебесі анықталған

14 Мамыр 2019, 21:11
2101
Бөлісу:
ШҚО-да бір жылда 135 мың адамның мәртебесі анықталған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысында актуалдауға жатқан 187 мың адамның 72 пайызының мәртебесі анықталған. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы барысында облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев хабарлады.

«Елімізде міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуіне орай өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты тіркеу және мәртебесін актуалдау жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылдың 1 қаңтарында өңірімізде 187 мың адамның мәртебесін анықтау қажет болған. Биылғы жылдың 12 мамырына дейін 135 мың адамның мәртебесі анықталды. Олардың 69 921 адамы жалдамалы жұмысшылар болғандықтан жұмыс берушілері зейнетақы қорына қажетті төлемдерді аудара бастады. 25 498 тұрғын жүктілікке және босануға байланысты декреттік демалыста отырғандар болса, 1602 адам жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту орталықтарына тіркелді», - деді Ерболат Ошақбаев.

Бұдан бөлек 635 азамат өздерін кәсіпкер ретінде көрсетіп Мемлекеттік кірістер департаментіне тіркелген. Сондай-ақ 37 мыңнан астам адам оралман, әскери қызметкер, студент және оқушы ретінде анықталып, олардың 3 817-сі бірыңғай жиынтық төлем аударуды бастап кеткен.

«Жыл басынан бері 332 әлеуметтік жұмыс орындары пайда болып, 352 адам «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтті. 1881 адам қоғамдық жұмысқа бағытталса, 72 жас маман жастар іс-тәжірибесінен өтті. Биылғы жылдың «Жастар жылы» болып белгіленуіне байланысты арнайы жол картасы әзірленіп,16-29 жас аралығындағы азаматтардың мәртебесін анықтау жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі таңға дейін осындай жас аралығындағы 28 273 тұлғаның мәртебесі анықталды. Аудан, қала әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары 72 пайызды құрайды. Атап айтсақ, Күршім ауданында бұл бағыттағы жұмыстар 90 пайыздан асса, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Глубокое, Көкпекті, Үржар, Тарбағатай, Ұлан аудандары мен Риддер қаласында 80 пайыздан асып жығылады. Жалпы, бүгінгі күні облыс бойынша 52 мың адамның мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізілуде», - деп қосты басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы