Оңтүстік Кореяда құрылыс кезінде Қазақстан азаматы қаза тапты

Сеулдегі құрылыс алаңында Қазақстан азаматы қаза тапты. Оқиға 23-қабатта болған. Қазір Кореяда тергеу басталып, СІМ марқұмның туыстарына көмектесіп жатыр.

 Yonhap 1 Қазан 2026, 11:31
1 Қазан 2026, 11:31
149
Фото: Yonhap

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында құрылыс алаңында Қазақстан азаматы қаза тапты. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабына сәйкес, қазақстандық азамат Сеулдегі құрылыс алаңында болған жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған.

Кореялық БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға 29 қыркүйекте ғимараттың 23-қабатында болған. Ер адам ғимараттың ішіндегі жұмыстардың бірінде болған кезде бетон төбенің бір бөлігі оның үстіне құлаған.

Оқиғадан кейін Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігі құрылыс нысанындағы жұмыстарды тоқтатқан.

Сыртқы істер министрлігі Сеулдегі құрылыс алаңында орын алған жазатайым оқиға нәтижесінде Қазақстан азаматының қайтыс болғанын растайды. Бұл оқиғаға байланысты Корея Республикасының тиісті органдары тергеу жұмыстарын бастады, – деп хабарлады ҚР СІМ.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Корея Республикасындағы дипломаттары марқұмның туыстарымен байланыс орнатқан. Қазіргі уақытта оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.

Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын Корея Республикасының тиісті органдары жүргізіп жатқан тергеу анықтайды.

Наверх