«Серпін» түлектері оқыған өңірінде жұмыс істеуге міндетті – маман

4 Ақпан 2022, 17:55
8421
Бөлісу:
«Серпін» түлектері оқыған өңірінде жұмыс істеуге міндетті – маман

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Серпін» бағдарламасы бойынша  тегін білім алған студенттер оқу бітіргеннен кейін оқыған өңірлерінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. 

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің мансап орталығының жетекшісі Айжан Тәжмиеваның мәлімдеуінше, барлық түлектер университет бітірген соң сол аймақта үш жыл еңбек етіп, білім грантын өтейді.

Әркім өз мамандығы бойынша ғана жұмыс істеуі керек. Мысалы, педагогтар, дәрігерлер білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында еңбек етеді. Егер бұл ауылдық квота болса, ауылдық жерде,. «Серпін» бағдарламасымен келгендер Ақмола облысының аумағында жұмыс істеуге міндеттеледі. Ал мемлекеттік грант иегерлері республиканың кез келген жерінде жұмыс істей алады, – деп түсіндірді Айжан Тәжмиева.

 Грант иегерлері университетті бітірген жылы қыркүйекке дейін жұмысқа кірісуі керек. Содан кейін жұмысқа орналасу туралы құжаттарды ұсынады.

Егер бұл орындалмаса, қаржы орталығы іске араласады. Алты айдан кейін түлек ескерту алады, егер жағдай өзгермесе, мәселе сот арқылы шешіледі. Мұндай жағдайда жас маман бюджеттен оның оқуына кеткен барлық шығындарды өтеуге міндетті. Мұндай жағдай 2020 жылы орын алды. Техникалық мамандық бойынша жоғары оқу орнын бітірен түлек мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмеген. Нәтижесінде ол мемлекет жұмсаған соманы төлеуге міндеттелді, – дейді орталық жетекшісі. 

Мұндай жағдай қайталанбауы үшін мансап орталығы түлектермен жұмыс жүргізуде. 

Біздің міндетіміз – оқу барысында студенттерді жұмысқа дайындау. Осы орайда бос орындар жәрмеңкесіне қатысамыз, жұмыспен қамту орталығымен бірлесе жұмыс атқарамыз, жеке компаниялар мен кәсіпорындардың өкілдерін шақырамыз. Тек осы оқу жылында университетте жұмыс іздеу бойынша төрт мастер-класс өтті. Түлектерге әңгімелесуде өзін қалай ұстау, түйіндемені қалай құрастыру керектігі айтылды, кейбіреулерімен сынақ сұхбаты өткізілді. Студенттердің тәжірибеден өту орындарында жұмыс істеу жағдайлары жиі кездеседі, – деп атап өтті Айжан Тәжмиева.

Оның айтуынша, осыған қарамастан жұмысқа бей-жай қарау орын алып жатады. Қандай жағдайда тегін білімді үш жылдық жұмыспен өтеу талап етілмейді? Бұл – грант иегерлері арасында ең кең таралған сұрақ. 

Қызмет ететін елді мекенде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда, I және II топтағы мүгедектер, магистратура, докторантураға, грант негізінде түскендер, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ана грантты өтеуден босатылады, – дейді орталық жетекшісі. 

Айта кетейік, мемлекеттік грант иегерлерінің тізіміне кірмегендер үшін жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен оқуға мүмкіндік бар. Ақмола облысы әкімінің гранттары 2017 жылдан бастап бөлінеді және тек жергілікті ғана емес, сонымен қатар тізімге кіретін басқа да университеттерде оқуға арналған. Әкім грантын беру кезінде әлеуметтік санат үлкен рөл атқаратынын атап өткен жөн. Облыс аумағында мамандығы бойынша үш жылдық жұмыс міндетті шарт болып қала береді және бұл орындалмаған жағдайда оқуға бөлінген ақшаны кері қайтару талап етіледі.

Өзгелердің жаңалығы