Сербияда студенттер қолдаған жаңа саяси күш жеңіске жетті

27 Қазан 2026, 11:34
АВТОР
 Reuters 27 Қазан 2026, 11:34
27 Қазан 2026, 11:34
217
Фото: Reuters

Сербияда парламент сайлауында жаппай наразылықтар аясында құрылған «Студенттер тізімі» жеңіске жетті. Елде 12 жыл билік еткен Сербия прогрессивті партиясы оппозицияға өтпек. Ал Социалистік партия парламентке өте алмады, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Сербия прогрессивті партиясының тізімін басқарған Александр Вучич сайлаудың түпкілікті нәтижесі жарияланбай тұрып-ақ жеңілгенін мойындады. Оның есебінше, «Студенттер тізімі» парламенттен 135-140 орын алса, өзі жетекшілік еткен партия шамамен 105 орынға ие болады.

Сербияның еркін сайлау және демократия орталығы дауыстардың 96 пайызы саналғаннан кейін «Студенттер тізімі» 250 орынның 140-ын иеленуі мүмкін екенін болжады. Сербия прогрессивті партиясына 103 орын, ал қалған жеті мандат ұлттық партияларға тиесілі болуы ықтимал.

Белград университетінің саясаттану факультетінің профессоры Небойша Владисавлевич BBC-ге берген пікірінде бұл нәтижені елдің саяси жағдайын түбегейлі өзгерткен жеңіс деп бағалады.

Сайлаудағы жеңіске не әсер етті?

Сайлау алдындағы сауалнамалар екі негізгі күштің қайсысы жеңетінін нақты көрсетпеген. Польша ғылым академиясының өкілі Марта Шпала жаңа саяси күштің табысына сайлаушылармен үйме-үй аралап жұмыс істеу және дауыс беру барысын бақылау жүйесі ықпал еткенін атап өтті.

Сайлаушылардың белсенділігі де жоғары болған. Дауыс беруге сайлаушылардың шамамен 70 пайызы қатысқан. Сарапшылар мұны «Студенттер тізімінің» жеңісіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі деп санайды.

Жаңа саяси күштің құрамында кімдер бар?

«Студенттер тізімінде» кәсіби саясаткерлер аз. Оның құрамына студенттердің өзі емес, тәжірибелі мамандар мен қоғамға танымал тұлғалар енген. Тізімді кардиология профессоры Илья Срданович басқарды.

Үміткерлер арасында университет профессорлары, мансабын аяқтаған баскетболшы Деян Бодирога, актер Тихомир Стани, опера әншісі Никола Микич және Сербия Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Деян Шошкич бар. Жаңа үкіметте премьер-министр қызметіне Шошкичтің кандидатурасы ұсынылуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Белград университетінің профессоры Милан Крстич студенттер қозғалысы қоғамның саяси белсенділігін арттырып, азаматтардың қоғамдық өмірге араласуына серпін бергенін айтты.

Сербияны қандай өзгерістер күтіп тұр?

Сарапшылардың пікірінше, жаңа саяси күштің алдында реформаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Сонымен бірге студенттер қозғалысы мен парламентке сайланған өкілдердің арасындағы қарым-қатынас та маңызды болмақ. Негізгі мәселе – шешім қабылдауда қозғалыстың, үкіметтің және парламенттің рөлі қалай бөлінетіні.

Марта Шпаланың айтуынша, жаңа билік реформаларды созбай қолға алуы керек. Өйткені уақыт өткен сайын елдегі мәселелер күрделене түсуі мүмкін.

Наверх