Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді

21 Маусым 2021, 21:35
1440
Бөлісу:
Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2021 жылғы 24 маусымда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Палата отырысында қарау үшін «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындау туралы» ҚР Парламенті Сенаты төрағасының ұсынуы күн тәртібіне шығарылды. Сонымен қатар сенаторлар алдағы бейсенбіде жаңа заңнамалық бастамалар топтамасын талқылайды. Нақты айтқанда, енді салықтар мен төлемдердің 4 түрі аудандық деңгейден ауылдық округ бюджеті деңгейіне беріледі. Олар: бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер және жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлем. 

Жергілікті мәслихаттар мен олардың депутаттарының қызметіне қатысты да өзгерістер бар. Мұндай жаңашылдықтар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған. 

Сондай-ақ палата отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралады. Бұл құжатта әкімшілік құқық бұзушылық туралы кейбір істерді қарау үшін учаскелік инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейту ұсынылған. Одан бөлек, заң жобасында жұмыс берушілердің қызметкерге қатысты құжат еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты мен демалыс режимі бойынша кемсітушілікке жол бермеу жөніндегі жауапкершілігі қарастырылған. Бұған қоса, сенаторлар алдағы отырыста депутаттардың бастамашы болуымен әзірленген екі заң жобасын қарайды. Олардың бірі - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Құжат кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласудан қорғауға кепілдіктерді күшейтуге мүмкіндік береді. 

Депутаттар бастамашы болған екінші заң жобасында қашықтан жұмыс істеуді енгізу, жалақы мөлшерін, қызметкердің уақытша қашықтан жұмыс істеуге ауысатын мерзімін, жұмыс уақытының режимін белгілеу, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде жұмыс беруші мен қызметкердің жауапкершілігін айқындау мәселелері қарастырылған. Мұндай нормалар «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған. 

Сонымен бірге палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарайды. Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әзірленді. Бұл заң жобасы жер заңнамасын жетілдіруге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалдау институтын реттеуге және жерді пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейтуге арналған. 

Сондай-ақ Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенат комитеттеріне бөлініп берілді.


Өзгелердің жаңалығы