Сенатта ТүркПА миссиясының байқаушыларымен кездесу болды

3 Маусым 2022, 12:01
1122
Бөлісу:
Сенатта ТүркПА миссиясының байқаушыларымен кездесу болды
Фото: Сенат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Қазақстанда республикалық референдумға келген Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы миссиясының байқаушыларымен кездесті.

Сенаторлар Д.Нөкетаева мен Е.Мамытбеков қатысқан кездесу барысында ТүркПА-ның құрылуы мен дамуына өз үлесін қосқан ел ретінде Қазақстан осы Ұйым аясындағы парламентаралық ынтымақтастыққа зор маңыз беретіні атап өтілді.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған конституциялық реформаның негізгі мәселелері, сондай-ақ оны жалпы республикалық референдумға шығарудың маңызы туралы халықаралық байқаушылар жан-жақты хабардар етілді. 

Қазіргі Конституцияға енгізілетін, Қазақстанның барлық азаматтарына әділдік пен тең құқығын қалпына келтіруді, тежемелі және тепе-теңдік жүйесін билікте орнықтыру міндетін көздейтін ережелер «Жаңа Қазақстанды» құруды іске асыруға бағытталған. Бұл демократияны дамытуға және басқарудың суперпрезиденттік түрінен арылу үшін маңызды әрі қажетті шарт, - деді Палата төрағасының орынбасары.

Алдағы референдумда Конституцияға енгізілетін өзгерістер Қазақстан халқының талаптары мен ұсыныстарына негізделгені атап өтілді.

Кездесуге Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Режеп Шекер, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Чолпон Сұлтанбекова, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Маммадов, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурея Эр қатысты.

Өзгелердің жаңалығы