Сенатта Қазақстан мен Финляндияның парламентаралық ынтымақтастығы талқыланды

28 Қараша 2022, 15:38
938
Бөлісу:
Сенатта Қазақстан мен Финляндияның парламентаралық ынтымақтастығы талқыланды

Парламент Сенатының депутаттары Финляндия Парламентінің депутаттары, парламентаралық «Орталық Азиямен достық тобының» мүшелері Киммо Килюнен және Хели Ярвиненмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде Финляндия Қазақстанның солтүстік Еуропадағы және жалпы Еуропалық одақтағы маңызды әріптесі болып табылатынын атап өтті. Оған қоса біздің елдеріміз негізгі халықаралық мәселелер жөніндегі көзқарастары ұқсас және халықаралық ұйымдар аясында тығыз ынтымақтасып келеді. 

Парламент депутаты сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүзеге асып жатқан кешенді және жүйелі өзгерістер туралы айтып берді.

Бүгінгі таңда жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету – Парламент жұмысындағы басты басымдық болып табылады. Сенат депутаттары айдың басында адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, билік тармақтары арасындағы, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды конституциялық заңдарды қарады және қабылдады. Қабылданған ережелер Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас үлгісін енгізу, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын кезең-кезеңімен енгізу үшін құқықтық негіз жасады, - деді сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Тараптар парламентаралық байланыстарды кеңейтудің маңызын да талқылады. Финляндиядан келген парламентшілер екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде Қазақстан өзін сенімді саяси және экономикалық әріптес ретінде көрсеткенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы