Сенатта мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын жақсартуға арналған заң мақұлданды

16 Қыркүйек 2021, 11:16
2331
Бөлісу:
Сенатта мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын жақсартуға арналған заң мақұлданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасы мемлекеттің базалық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қамтиды. Заң жобасын қабылдау мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, олардың сыртқы көмектен тәуелсіз болуға және әлеуметтік өмірдің түрлі аспектілеріне қосылуға оң ықпал ететін болады. Заң жобасындағы нормалар 2 мыңға жуық адамды оңалту қызметтерімен қамтамасыз етеді, - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Сенатор атап өткендей, заң жобасында бір мезгілде екі жәрдемақы алу құқығын беру қарастырылып отыр. Яғни ол мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және мүгедек балалары бар отбасыларға қатысты болмақ.

Сонымен қатар 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу және оңалту іс-шаралары әлеуметтік көмекті саралауға мүмкіндік береді, бұл балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшерін арттырады.

Жоба бойынша «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңы «жеке көмекші», «оңалту», «ымдау тілі маманы» сияқты жаңа анықтамалармен толықтырылды. Мүгедектерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етуді реттейтін жаңа бап енгізілді. Сонымен қатар мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтайды, - деді Айгүл Қапбарова.

Сонымен бірге «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еңбек өтіліне қарай зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріндегі құқықтық олқылықты жою мақсатында қызметтен шығарылған күнгі зейнетақы төлемдерінің мөлшерін белгілейтін түзетулер енгізіліп отыр.

Заң жобасының қабылдануы мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру саласын біршама реформалайды.

Депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы