Сенатта ашаршылық туралы құжаттар жинағы таныстырылды

6 Желтоқсан 2021, 17:43
1849
Бөлісу:
Сенатта ашаршылық туралы құжаттар жинағы таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» құжаттар жинағының 4-5-томдары көпшілікке таныстырылды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев facebook әлеуметтік желісінде жариялады.

Биыл мамыр айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенаттың ұйытқы болуымен аталған еңбектің алғашқы үш томы жарық көрген еді. Онда Ашаршылыққа қатысты тарихи құжаттар мен деректер жинақталған. Сол кезде жаңа еңбекті тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері жақсы қабылдап, жылы лебіздерін білдірген.

Сенатта ашаршылық туралы құжаттар жинағы таныстырылды

Сенатта ашаршылық туралы құжаттар жинағы таныстырылды
Бүгін көпшілікке жол тартқан жаңа томдар осы ауқымды жұмыстың жүйелі жалғасы. Төртінші томда қазақ ауылдарын күштеп ұжымдастыру және тәркілеу саясатына қатысты халықтың наразылығын білдіретін материалдар жинақталған. Ал 5-томның негізін Ашаршылықтың зардабын тартқан ақын-жазушылар, ғалымдар және қоғам қайраткерлерінің бастан кешкен оқиғалары құрайды. Ашаршылық құрбандарының тағдыры туралы жазбалар мен олардың хатқа түскен баяндау-естеліктері де жинақ мазмұнын аша түседі, – деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Естеліктер мен жазбаларды қысқа мерзімде жинақтап, көпшілікке ұсынған редакциялық алқа ұжымына, Берік Әбдіғалиұлы бастаған құрастырушыларға және жаңа екі томға алғашқы үш томды қосып, қайта басып шығарған Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.

Сенатта ашаршылық туралы құжаттар жинағы таныстырылды
Осындай маңызды еңбектің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жарық көруінің символикалық мәні зор. Өйткені егемендікке жету үшін халқымыз талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Елбасымыз бүгін баспасөз беттерінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында атап өткендей, өскелең ұрпақ тəуелсіздікке қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Бүгін жұртшылыққа таныстырылған жинақ алдағы уақытта нәубет жылдарға қатысты шынайы тарихи көзқарас қалыптастырады және осы тақырыпты зерттеп жүрген тарихшы ғалымдардың жұмысына тың серпін береді деп сенеміз. Жаңа еңбектің ұлт санасын жаңғыртуға қосар үлесі мол болсын, – деді Сенат төрағасы.
Сенатта ашаршылық туралы құжаттар жинағы таныстырылды

Өзгелердің жаңалығы