Сенаторлар ҰҚШҰ қызметіне қатысты заңды мақұлдады

14 Қыркүйек 2023, 10:49
1276
Бөлісу:
Сенаторлар ҰҚШҰ қызметіне қатысты заңды мақұлдады
Фото: BAQ.KZ - архив

Сенаттың жалпы отырысында «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы мақұлданды деп хабарлайды, BAQ.KZ тілшісі.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында қол қойылған. Хаттаманың мақсаты ҰҚШҰ мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларында Ұйымның бітімгершілік күштерін қолдану тәртібін айқындау.

Мәселені ретке келтіру барысында халықаралық ұйымдардың бітімгершілік операцияларына қатыса алмайтындығы анықталды. Осыған байланысты ұйым мүшелерінің бірі – үйлестіруші мемлекет ретінде әрекет етеді, ал қалғандары қажет болған жағдайда оған қосыла алады деген шешімге келді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысу үшін Хатшылығының мақұлдауымен үйлестіруші мемлекетке квота бөлінеді. Квота алғаннан кейін ғана Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сол елді Үйлестіруші мемлекет ретінде мақұлдай алады, - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше басқа мемлекеттердің әскери қызметшілері таяу және алыс шет елдердегі ішкі және ұлтаралық қақтығыстардың алдын алуына және оларды жоюға қатыса алады.

Қазақстанның әскери қызметшілері 30 жылдан бері бітімгершілік операцияларына қатысып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Непал, Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар және Ливандағы миссияларына 500-ден астам қазақстандық әскери қызметшілер қатысты. Біздің 9 мыңнан астам әскери қызметшіміз Тәжік-Ауған учаскесінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығының сыртқы шекарасын қорғау міндетін атқарды. «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының инженерлік-саперлік жасағының құрамында 300-ден астам әскери қызметші Ирактағы миссияны орындады, - деді сенатор.

Хаттаманы ратификациялаудан біршама нәтижелер қарастырылған .Олар:

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметінің құқықтық негіздерін жетілдіру;

Ұйымдастырушылық мәселелерді және БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциясында Ұжымдық бітімгершілік күштердің қолданылуын жан-жақты қамтамасыз ету мәселелерін шешу;

Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайту болады.

Өзгелердің жаңалығы