Сенаторлар ІІМ басшылығымен кездесті

18 Ақпан 2023, 11:21
1144
Бөлісу:
Сенаторлар  ІІМ басшылығымен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталығында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Депутаттар министрлік басшылығымен кездесуде Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі міндеттерді іске асыру мәселелерін талқылады.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кездесу барысында депутаттарды полиция қызметіне негізгі IT - өнімдер мен зияткерлік цифрлық жүйені енгізудің негізгі бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ саланы одан әрі жаңғырту және қылмысқа қарсы күресті оңтайландыру жөніндегі өз ойларымен бөлісті.

Сенаторлар еліміздің халқын толғандырып отырған бірқатар мәселелерді, атап айтқанда, «Сергек» камералары жұмысының тиімділігі, электронды білезіктерді енгізуді, автомектептер мен техникалық байқау орталықтарының қызметін лицензиялауды талқылады.

Қазір ішкі істер органдары қызметінің барлық бағытындағы жұмысқа ықпал ететін заңнамалық шараларды қабылдау жөнінде ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Ол күнделікті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыспен күресу мәселелеріне де, бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайға да қатысты. Осы шаралардың бәрі Мемлекет басшысының құқық үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыруғабағытталған, - деп атап өтті сенатор Андрей Лукин.

Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруді көздейтін сындарлы жұмыстарды министрлікпен бірлесе отырып жүзеге асыруға сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы