Сенаторлар азаматтардың өндірістік кәсіпорындағы қауіпсіздігіне алаңдаулы

30 Қазан 2020, 15:25
950
Бөлісу:
Сенаторлар азаматтардың өндірістік кәсіпорындағы қауіпсіздігіне алаңдаулы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатта Палата Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы болды. Онда Қарағанды облысындағы аймақтық азаматтық қорғаныс жүйесінің мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Онлайн режимде өткен кездесуге төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

Депутаттарға Қарағанды облысындағы 394 зауыттағы 36 862 қауіпті өндірісте пайдаланылып отырған өнеркәсіп қауіпсіздігі мен техникалық құрылғылардың жағдайы ұдайы қадағалауда екені айтылды. Төтенше жағдайлар департаменті 2020 жылдың 8 айында 132 тексеру жүргізіп, өндірістік қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері анықталды.

Биылғы жылы елімізде 8919 төтенше жағдай болды және онда 15 мыңнан астам адам зардап шекті. Сарапшылардың пікірі бойынша 7 797 төтенше жағдай техногендік сипатта – олар өндірістік апаттар, өрттер мен жарылыстар болып отыр.

Асқар Шәкіров техногендік және табиғи апаттарға қарсы іс-қимыл – бұл елдің тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігіне бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық бөлігі екенін атап өтті.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау тәсілін қайта қарау қажет. Ол осы проблемаларға нақты талдау жасауға, жағдайдың дамуын болжауға және алда тұрған міндеттерді кешенді шешуге негізделуі керек, - деді Сенат төрағасының орынбасары.

Кездесу қорытындысы бойынша Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында барлық азаматтардың өзін-өзі дамытуға ұмтылу қажеттігін атап өткенін еске салды, өйткені уақыт талабы бізді үнемі дамуға, жетілдіруге әрі күшейе түсуге ықпал етеді.


Өзгелердің жаңалығы