Сенаторлар Атырау облысының өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылады

20 Мамыр 2023, 16:16
765
Бөлісу:
Сенаторлар Атырау облысының өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Депутаттар Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысын Атырау облысында өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесудің тақырыбы өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылау болды.

Отырыс жұмысының ашылу барысында Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев инновациялар мен жоғары технологияларды тарта отырып, ішкі нарыққа бағдарланған өңдеуші өнеркәсіпті дамыту қажеттігін атап өтті.

Бүгін отырыста орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңдеуші өнеркәсіптің жүйелі мәселелері қаралып, талқыланды. Бизнес өкілдері тарапынан Комитеттің одан әрі заңнамалық жұмысында қарастыруды және ескеруді, оның ішінде қажет болған жағдайда орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнамаларға тиісті түзетулер әзірлеуді қажет деп санайтын нақты сұрақтар мен ұсыныстар айтылды, - деді сенатор Алдашев.

Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен. Өңдеу өнеркәсібі бұл ретте 14,6%-ға өсіп, 231,8 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, отырыс аясында сенатор Сағындық Лұқпанов ел экономикасын одан әрі дамытуға қажетті көмірсутек шикізатын өңдеудің түйткілді мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ жиын барысында Инвестициялар комитетінің өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша баяндама жасады.

Депутаттар көшпелі сессия аясында облыстағы газ-химия кешенін, аралас циклді газ турбиналық электр станциясын, полимер және кабель өнімдерін шығаратын зауыттарды, мал шаруашылығы кешенін және басқа да бірқатар өндірістік нысандарды аралады.

Өзгелердің жаңалығы