Сенаторлар «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы бойынша ұсынымдарын талқылады

13 Желтоқсан 2021, 11:58
999
Бөлісу:
Сенаторлар  «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы бойынша ұсынымдарын талқылады

  Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар Асқар Шәкіров, Мұхтар Құл-Мұхаммед және Қайрат Қожамжаров Еуропа Кеңесіндегі Венеция комиссиясының отырысына қатысты. Онда «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы талқыланды.

Венеция Комиссиясы ретінде көбірек танымал, демократияға құқық арқылы қадам басқан Еуропалық Комиссия оның қызметіне қатысатын мемлекеттерге конституциялық және құқықтық көмек көрсететін тәуелсіз консультативтік орган. Қазақстан Республикасы комиссияға 2012 жылдан бастап мүше болып келеді. 

Комиссия мүшелері Омбудсмен институтының заңнамалық бекітілуін қолдай отырып жалпы алғанда оның заң жобасындағы тәуелсіз мәртебесі мен қызметін жүзеге асыру барысында заң үстемдігі қағидасының белгіленуін жоғары бағалады.

Сондай-ақ құжаттың мазмұндық бөлігі бойынша жеке тілектер айтылды, ол өзара келісім бойынша одан әрі имплементациялау барысында іске асатын болады.

Қазақстан Парламенті Венеция комиссиясымен ынтымақтастықты жоғары бағалайды және біздің заң жобамыздың жан-жақты, объективті қаралғаны және ол бойынша сындарлы әрі пайдалы ұсынымдар берілгені үшін оған алғыс білдіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда жан-жақты реформалар жүріп жатқанда бұл ұсыныстарды жүзеге асыру жолдары табылатын болады, - деп атап өтті Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров өз сөзінде.

Қаралған заң жобасы бойынша отырыс соңында тиісті қорытынды қабылданды. 

Комиссия сондай-ақ Омбудсмен институты жөніндегі Кіші комиссияның вице-президенті етіп Қазақстан Республикасынан комиссия мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Роговты сайлау туралы шешім қабылдады. 

«Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Парламентінің VII шақырылымдағы бірінші сессиясының ашылуында айтқан тапсырмасына сәйкес әзірленген болатын.

Бір топ Парламент депутаттары осы тапсырманы орындау мақсатында заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді, оған мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғамның ауқымды өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы