Сенатор Ұлттық құрылтай бізге не бергенін айтты

15 Наурыз 2024, 09:51
516
Бөлісу:
Сенатор Ұлттық құрылтай бізге не бергенін айтты
Фото: Спикердің жеке мұрағатынан

Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай ел тарихында қайта жаңғырып, қолға алынған құрылтайдың маңызына тоқталып, қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ел тарихындағы ең көне қала, өркениеттің бастауы, әулиелер мекені, хандарымыз ту тіккен жер - Сарайшық жерінде, Атырау да Ұлттық Құрылтайдың үшінші басқосуы өтіп жатыр. Ел тарихындағы елеулі оқиға саналатын бұл құрылтайдың Атырау қаласында өтуі де тегін емес. Киелі Түркістан қаласында өткен екінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелерді талқыладық. Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын» деген болатын. Міне осы тапсырмаға сәйкес алқабында арда тарихтың айшықты ізі қалған Атырау қаласына ұлттық құрылтайдың түселі түсті, - деді депутат.

Сенатор алғашқы құрылтай Ұлы даланың төріндегі ұлтымыз өмірінің ұйтқысы, «Қазақстанның інжу-маржаны»- Ұлытауда өткенін еске салды.

Баһадүр бабаларымыздың сары жұрты болған бұл өлкеде қазақ ұлыстарын құрайтын барлық рудың таңбасы тасқа қашалып, бағылан бабаларымыз сол арқылы ұлт бірлігін көрсеткен. Міне осы киелі өлкеде Ұлттық құрылтайдың өтуі ұлт ұясы, ел киесі – Ұлытаудың ғасырлар бойғы жалғасқан ұлы миссиясын қайта жалғастырса, екінші Ұлттық құрылтайдың қазақтың рухани астанасы, тарихтан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ілім - білімнің кіндігі саналған киелі Түркістанда өтуі Ұлттың ұлы ұйысуының дәйекті дәлелі ретінде сипатталды. Енді міне, Самарқанның көк тасы жібіген әз наурызда сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін Сарайшық жұртына ұлт өміріндегі өзекті түйіндер мен елеуі елдік мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз. Өткен бір жыл ел тарихында елеулі мән алатын, еліміздің дамуы мен ұлтымыздың өркендеуіне оң серпін беретін өзекті мәселелер талқыланып, маңызды шешімдер қабылданған жыл болды. Парламент қабырғасында қаралып, жан-жақты талқыланып шығарылған заң - шешімдер қоғамдағы бір қыдыру мәселенің күрмеуін шешті деп ойлаймын, - дейді Бибігүл Жексенбай.

Ол «Азаматтық қоғамды және құндылықтар жүйесін дамыту бағыты бойынша жасалған жұмыстар» төңірегінде тоқталды.

Азаматтық қоғам – демократия дамуының көрсеткіші. Қазіргі дәуір жөнінен алып айтқанда, азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына, уақыт өзгерісіне сай дамуы қиын. Өйткені азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі. Сосын да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп баса айтқан болатын. Ал құндылықтар жүйесі– ұлт сапасының қалыптасуына тұғыр болатын негізгі арқау. Ол туған жер, өскен орта, ұлттың бітім - болмысы әсері негізінде қалыптасып, қоғамдық идеологияға ықпал көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Азаматтық қоғамды дамыту және құндылықтар жүйесін жетілдіру тұрғысынан жасалған шешімдер елдік сананы күшейтіп, жарасымды қоғам құруға даңғыл жол ашады. Ұлттық Құрылтай мінберінен айтылған мәселелердің қоғамда нақты көрініс тауып, шешімі қалай болып жатқанына арнайы тоқталғаным жөн болар. Мәселен, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және балалар мен әйелдер құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заңға түзетулер енгізу» - отбасы құндылықтарын дәріптеп, жарасымды жанұя құрып, жарамды ұрпақ тәрбиелеуге берік негіз қалайды, - деді Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары. 

Бибігүл Жексенбайдың сөзінше, отбасылық зорлық-зомбылық қоғамдық институттарға, оның ішінде отбасы институтына айтарлықтай әсер ететін өткір әлеуметтік мәселенің бірі. Бұл әлемнің көптеген елдері үшін әлі де өзекті тақырып болып отыр.

БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. UN Women жаһандық веб-сайтында жарияланған «Гендерлік сауалнама 2023» жыл сайын 245 млн әйел мен қыз өздерінің жақын адамдарынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын жазды. Елімізде де Отбасылық - тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 115 мыңнан астам арыз түсе, 2023 жылы полицияға 50 мыңнан астам әйел жүгінген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы 4,5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 869 адам қаза тауып, 2086 ауыр дене жарақатын алған. Бұл зорлық-зомбылықпен күресте неғұрлым батыл шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және балалар мен әйелдер құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заңға түзетулер енгізу жөніндегі ұсыныс» осындай қажеттіліктен туындап отыр, - деді Сенатор.

Сонымен қатар Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары «Аталған бұл заң әйелдердің отбасындағы құқығын күшейтіп, ерлерді сүмірейтіп жібермей ме?» деген сауал да қоғам тарапынан жиі қойылып жатқанын айтады.

Алайда отбасылық зорлық-зомбылықты тек қана қатал заңмен тізгіндеу мүмкін емес. Өйткені «заң моралға қызмет етуге тиіс» деген ұстаным тұрғысынан алып айтсақ, заң, салт-дәстүр, морал ұштасқанда ғана, қоғам мүшелері «ошақтың үш пұты» сияқты осы үш өлшемді тұрмыстың тіректі қағидасы еткенде ғана отбасылық зорлық-зомбылықтан сақтануға болады, - деді Бибігүл Жексенбай.

Жұмыс аясында Қазақстан Республикасындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.

Бұл - есірткіге қарсы жүйелі жұмыс үшін маңызды бағдарламалық құжат болып табылады. Кешенді жоспардың негізгі мақсаты «Қоғам үшін аса қауіпті, әсіресе, синтетикалық препараттардың таралуының жолын кесу, олардың қолжетімділігін төмендету», «Нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу», «Есірткі қолданатын адамдардың шынайы және нақты есебін қалыптастыру», «Уәкілетті органның құзыреті мен мәртебесін арттыру», «Материалдық-техникалық жағдайды нығайту». Сондай-ақ кешенді жоспарды жүзеге асыруға бірнеше министрлік пен ведомство атсалысады. ІІМ 38 тармақтың орындалуына жауап берсе, қалған 15 тармақ бойынша бірлесіп орындау жұмысын атқарады. Денсаулық сақтау министрлігі – 16, Мәдениет және ақпарат министрлігі – 5, Оқу-ағарту министрлігі – 9, Әділет министрлігі – 4 тармақ бойынша жауапты болып бекітілді, - деді Сенат депутаты.

Депутаттың дерегіше, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 1 миллиард адам темекі шегеді. Оның ішінде жылына 8 миллион адамның өліміне будан шыққан у себеп болады.

Еліміздің ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы 2019 жылғы зерттеуінің мәліметіне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдер саны 3 есе, ал қыздар арасында 2 есе өскен. Көш басында 3,9 пайыз көрсеткішпен алматылық жасөспірімдер тұр. Ағзасы толық жетілмеген балалардың никотинмен уланып жатқанына дәрігерлер алаңдап отыр. Ең сорақысы, ол жүрек-қан тамырлары мен өкпе, бүйректі зақымдап, жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Вейп құрамында болатын түрлі жеміс-жидектің хош иісі, яғни улы заттың тәтті болуы тәуелділікке әкеледі. Никотин өз кезегінде жас баланың болашақта темекі шегушілердің қатарынан табылуын 2-4 есе арттырады. Демек, Электронды темекі мәселесі ертеңді күттірмейді. Ұрпақ болашағын ойласақ, трендтегі темекіні ермек көрген бала болашақта тәуелділер қатарын толықтырмасын десек, қауіптің алдын алу қажет. Осы мәселені негізге ала отырып, қоғамдық талапқа сай, елімізде «Мектеп оқушылары мен жастардың электронды темекі/вейп қолдануының алдын алу үшін 2023-2025 оқу жылына арналған жол картасы» қабылданды. Сонымен қатар, «Вейпті елге әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салатын заң» да Парламенте қаралып жатыр, - деді Бибігүл Жексенбай.

Ол жастар арасында кең таралып бара жатқан тағы бір мәселе туралы айтты.

Қазіргі таңда құмар ойындарға деген құштарлық патология, яғни психологиялық ауру ретінде қарастырылып жүр. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа байланысты мәселелердің халықаралық статистикалық жіктемесі тізімінде де бар. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы медициналық термин енгізді. Осы арқылы жаһандық ұйым құмар ойындар мен компьютер ойындарына тәуелділер – нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады. Демек, бұл мәселеге заңмен тосқауыл қоймаса, ертең тұтас қоғамның қасіретіне айналуы мүмкін. Сосын да, Парламент қабырғасында «Балалардың құмар және компьютер ойындарына тәуелділігінің алдын - алу үшін 2023 - 2024 оқу жылына арналған жол картасы» қабылданды, - деді Жексенбай.

«Еңбек құндылығын дәріптеудің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітіліп, еңбек күні жаңаша атап өтіле бастады, мектептерде «Еңбекке баулу» пәні енгізілді.

«Еңбекпен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» дегендей, ел еңсесін көтеретін қасиетті күш - еңбек. Масылдықпен күресу үшін әрбір қазақстандықтың еселенген еңбегіне, еңбек өнімділігі мен еңбек құндылығына баса мән беру айырықша маңызды. Былайша айтқанда, әрбір қоғам мүшесі «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» қағидатын терең түсініп, адал еңбек етуге әрекет жасауы керек. Елдің еңсесін көтеретін игі бастаманың маңызын қоғамның әрбір мүшесі түсініп, әлеуметтік жаңғыртуға шамасы келгенше үлес қосса, ол өзі үшін де, еліміз үшін де тиімді. Кім не береді деп жалтақтағаннан, әркім қолынан келетін іспен айналысса, өмірі берекелі болатыны айқын. Осы тұрғыдан алғанда қабылданған жол карталары еліміз азаматтарын еңбексүйгіштікке баулып, жас өспірімдерді жастайынан еңбекке жақын өсуге жебейді, - деді Сенатор.

«Әкімшілік-аумақтық реформалар» мен Ғылым және білім беру саласындағы оң өзгерістер де «Жаңа Қазақстанның» жарқын бейнесін әйгіледі.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңа аудандар қайта қалпына келтірілді және құрылды. Бұл шекаралық өңірлердің қауіпсіздік мәселесін шешу тұрғысынан да аса маңызды шешім болды.

«Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023- 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» бекітілуі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын онан ары кеңейтудің, қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың кезеңдік міндеттерін айқындады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» басылымына берген сұқбатында қазақ тілінің ғылым тіліне айналу керектігін айтып, «Қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келеді. Яғни біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады» деген болатын. «Тіл саясатын дамытудың 2023- 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының бекітілуі» ел басшысының осы бір тапсырмасының орындалуын заңдық тұрғыдан кепілдендіру десек, қателеспейміз. Әрине, мұнан басқада еліміздің тарихы мен кемел келешегін қалыптастыру, отаншыл өскелең ұрпақ тәрбиелеу тұрғысынан да жоба-жоспарлар жасалды. Айталық, «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жеті томдық академиялық басылым дайындалуда. «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» әзірленді. «Балалар кітапханасы» бағдарламасы бекітілді. Оқуға ұсынылатын көркем әдеби туындылардың тізімі жасақталды, - деді Сенатор.

Мәдениет және спорт саласында қандай жұмыстар атқарылды?

«Кинематография туралы» заңға енгізілетін түзетулер әзірленіп, Фильмдерге мониторинг жасайтын бірыңғай ақпараттық жүйе (ЕАИС) жасалды, оған пилоттық режимде 60-қа жуық кинотеатр қосылды. Әрине, Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. 

Өкіншке орай, кинематографистер осы бір жауапкершілікті толық сезініп, қоғамның лүпілін дәп басатын сапалы дүниелер ұсына алмай отыр. Бұл салаға мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі мәселесі тағы бар. Жоғарыдағы заң осы түйткілді түйіндерді ыңғайлы шешеді деп ойлаймын.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысын өткізу биылғы жылдың еншісіндегі елеу уақиға. Әсіресе, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай «кеңеспен пішкен тон келте болмайды» дегендей, ел өміріндегі елеуі мәселелерді кеңінен талқылап, келелі шешім шығаруда айрықша маңыз алатыны көпке мәлім. Ал алдағы көшпенділер ойынын сәтті өткізу «келгенше қонақ, келген соң қонақ иесі ұялады» дегендей, бір жағынан, елдігіміз үшін де үлкен сын болса, екінші тұрғыдан, ұмыт бола бастаған кейбір салт – дәстүрімізді қайта жаңғыртып, тарихи құндылықтарымызды әйгілеудің, елімізді алыс-жуық шетелдерге тағы бір қырынан таныстырып, туризмді жандандырудың ең ұтымды орайы болғалы тұр. Қазір V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу үшін дайындық жүріп жатыр. Ұйымдастыру комитеті құрылды, - деді Бибігүл Жексенбай. 

Ал Ұлттық құрылтай аясында мынадай дайындық жұмыстары істелді:

Бірінші, Ұлттық құрылтайдың ресми сайты (https://quryltai.kz) және әлеуметтік желілердегі аккаунттары іске қосылды. 

Екінші, 2022 жылғы желтоқсанда «Quryltai» мобильді қосымшасы (Egov платформасында) іске қосылды. Бұл платформада азаматтар қоғамдағы түрлі өзекті мәселелері бойынша пікірлері мен ұсыныстарын жеткізе алады.

Үшінші, 2023 жылдан бастап «Хабар» телеарнасында әр өңірден қосылатын «Ұлттық құрылтай» арнайы бағдарламасы көрсетіледі. Бүгінге дейін 10 саны эфирге шықты. Хабардың әр шығарылымы белгілі бір тақырыпқа арналады, сол тақырыпқа сәйкес Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылар кезек -кезегімен шақырылады.

Төртінші, Ұлттық құрылтайдың бірінші және екінші отырыстарында айтылған құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қарау жоспарлары қабылданып, мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан қарастырылды.

Өзгелердің жаңалығы