Сенатор су тапшылығын болдырмаудың жолын ұсынды

21 Сәуір 2022, 11:59
1519
Бөлісу:
Сенатор су тапшылығын болдырмаудың жолын ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалда Қазақстанның су ресурстары көлемі көтерілді.

Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай 90-нан 76 текше шақырымға дейін төмендейді. Бұл елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін шамамен 15%-ды құрайтынын білдіреді. 

Бүгінге дейін экономикамызда су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі болған емес. Сондықтан әлі де судың тапшылығын сезінбей отырмыз. Халықаралық сарапшылар атап өткендей, Қазақстандағы су дағдарысы басқару дағдарысына байланысты. Анығын айтқанда, біз су ресурстарын басқарып отырған жоқпыз. Тек суға деген сұранысты, яғни су тұтынуды басқарып отырмыз. Біріншіден, бізде әлі күнге дейін республикадағы су ресурстарының қорлары туралы нақты есеп жоқ, - дейді сенатор.

Оның сөзінше, су қорының мониторингін цифрлық форматқа және қашықтан зондтау әдісіне ауыстыру қажет. 

Екіншіден, қазіргі заманғы талаптарға сәйкес Қазақстанның су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау схемасын жаңарту керек. Бұл - суды ұтымды пайдалану стратегиясы мен тактикасының негізгі шарты. Сонымен қатар әрбір су бассейні үшін судың нақты өзіндік құнын анықтау керек. Онсыз су ресурстарын үнемді пайдалану мүмкін емес. Сондықтан суармалы егіншілікті мемлекеттік қолдау саясатын өзгерту қажет. Оны тек су үнемдеу технологияларын қолданатындар ғана алуы керек.Сонымен бірге климаттың аридизациясы жағдайында жерасты сулары біздің стратегиялық қорымыз болып табылады. Ең алдымен, олардың қорлары мен сапасын объективті бағалау, жер асты суларының егжей-тегжейлі картасын әзірлеу қажет. Мұндай ауқымды зерттеулер ғалымдар мен гидрогеолог мамандардың қатысуымен мемлекеттің қатаң бақылауымен жүргізілуі тиіс, - деп атап өтті Күрішбаев Сенатта.

Одан бөлек, сенатор су саласында кадрлардың тапшылығы қатты байқалып отырғанына назар аударды. Елімізде су шаруашылығы үшін мамандар даярлау мәселесін құр сөз жүзінде қалып отыр. 

Көптеген жыл бойы барлық жиналыстарда, тыңдауларда осы мәселені айтып келеміз, бірақ оның шешілетін түрі жоқ. Ашығын айту керек, су шаруашылығы үшін кадрларды қазіргі заманғы деңгейде даярлауды біз өз күшімізбен қамтамасыз ете алмаймыз. Кадр мәселесін шешудің ең қысқа жолы - Қазақстанда су шаруашылығы бойынша әлемдегі жетекші университеттердің филиалын ашу. Саланың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Қазақстанда су ресурстарын интеграцияланған басқару жүйесін қамту үшін, және еліміздің су қорын жоспарлау, бақылау және ұтымды пайдалану мақсатында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізетін дербес су шаруашылығы ведомствосын құруды ұсынамыз, - деп айтты сенатор Ақылбек Күрішбаев.

Өзгелердің жаңалығы