Сенатор Бекболат Орынбеков фосфор қалдықтарының мәселесіне алаңдап отыр

28 Сәуір 2022, 13:25
2300
Бөлісу:
Сенатор Бекболат Орынбеков фосфор қалдықтарының мәселесіне алаңдап отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында сенатор Бекболат Орынбеков мәлімдеді. 

Ол Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындарының проблемаларын айтып, депутаттық сауал жолдады.  

Депутаттың өңірге сапары барысында жергілікті тұрғындар қоршаған ортаның ластануына, атап айтқанда, өңірдегі химия өнеркәсібінің өндіріс қалдығы туралы, құрамында көп мөлшерде фосфогипс бар қоқысты тастайтын жерге қатысты проблемаға шағымданған.

Депутат келтірген деректер бойынша, өткен жылы тасталған фосфогипс қалдықтарының лимиті жылына 1,3 млн тоннаны құраған. Минералды тыңайтқыштар өндірісі биыл 2 есе өсті, яғни қалдықтар бұрынғыдан да арта түспек. Есеп бойынша жылына 2,7 млн тонна қалдық болады. Сенатор Тараз қаласындағы екі үйіндіде 14 млн тоннадан астам фосфогипс жиналғанын айтты. Ауданы 25 га болатын үйінділердің бірі Шайқорық ауылынан бір шақырым жерде орналасқан.

Бұл үйінділер Тараз қаласы мен Шайқорық, Танты елді мекендерінің маңына жақын орналасуына байланысты адам өміріне және қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп отыр. Мәселен, дауылды жел көтерілген кезде үйінділерден елді мекендерге қарай шаңды заттардың ұшуы байқалады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, фосфогипс салдары ауыл шаруашылығы мен бақша шаруашылығына үлкен зиян келтіріп отыр. Сондай-ақ, жақын маңдағы ауылдарда адамдардың тынысы тарылатын кездерде жиі орын алатынын жеткізген еді, - деді сенатор.

Оның айтуынша, Тараз қаласынан 20 шақырым жерде ауданы 135 га болатын үшінші үйінді салу жоспарланған. Алайда бұл үйінді 2025 жылы ғана іске қосылады. 

Сенатор осыған байланысты Министрлер Кабинетінің басшысы Әлихан Смайыловтан фосфогипс қалдықтарының көлемін азайту жөнінде шаралар қабылдауды сұрады және топырағы тозған жерді дақыл өсіру үшін ауыл шаруашылығында пайдалануды ұсынды.

Сонымен қатар, фосфогипсті жол төсемдерінің негіздерін орнату үшін пайдалану зерттелуде. Осы бағытта, «Павлодар-Успенка – РФ шекарасы» автомобиль жолдарының топырақтарын тұрақтандыру үшін фосфогипс материалын сынау мақсатында тәжірибелік-эксперименттік участік бөлініп, бүгінгі күні зерттеу жұмыстары жүргізілуде, - деді депутат өз сауалында.

Өзгелердің жаңалығы