Сенатор: Алапат қасіреттің шындығын аша алдық па?

17 Ақпан 2021, 20:18
2072
Бөлісу:
Сенатор: Алапат қасіреттің шындығын аша алдық па?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы ашаршылықтың зардабын қазақ даласындағы әр шаңырақ сезінді деген пікірде.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында орын алған  АШАРШЫЛЫҚ деп аталатын Алапат қасіреттің шындығын аша алдық па? Үлкен сұрақ. Жауабы да сан түрлі болуы мүмкін. Бір ақиқаты - Кеңес империясы тұсында бұл тақырыпты зерттемек түгіл айтуға тыйым салған болатын. Әлі есімде КазГу-де  студентпін, курстық жұмысымның тақырыбы  “20-30 жылдардағы  Қазақстанның ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуы”. Жетекшім үлкен ғалым, профессор Әбу Тәкенов жетектеп орталық архивке алып келіп, архив материалдарымен жұмыс жасауды үйретті. Бұл 1983 жыл еді. Сонда байқағаным сол кезеңге қарасты архив материалдыры “Аса құпия” деген айдармен қолға берілмейтін. Тек статдеректер ғана алатынмын - дейді сенатор.

Сенатор ол кезде құпия материалдардың артында миллиондаған жазықсыз адамдардың аштан қырылғанын не бас сауғалап елден кетіп қалғандарын біле бермегенін айтты.

Өйткені біз өмір сүрген ол кез тоталитарлық жабық қоғам еді. Бірақ бала кезімізде үлкен кісілерден аштық, күштеп малды тартып алу туралы әңгімелер көп еститінбіз. Біздің әулет те оның зардабын тартқан екен. Сыр бойынан бас сауғалап, Өзбекстанға өтіп, аман қалдық деп аталарымыз айтып отыратын. Демек, қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған аса ауыр қасіретті қазақ отбасының барлығы тартты деп айтуға болады - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Бұл қасіреттің ақиқаты еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін айтылып, жазыла бастады. 

1992 жылы құрылған академик М.Қозыбаев басқарған арнайы комиссия көп жұмыс жасады. Көптеген деректер ашылды. Ғылыми еңбектер, оқулықтар жарыққа шықты. Шетелдік ғалымдар да бұл мәселе бойынша арнайы зерттеулер жүргізді. Фильмдер түсірілді, пьессалар жазылды. Бірақ әлі де болса көптеген архив материалдары ашылмай қалды. Мемлекет тарапынан осы ащы шындыққа баға берілмей жатыр. Қалың көпшілік, әсіресе жастар тарихымыздың осы қасіретінен хабарсыз. Сондықтан да президентіміз “ашаршылықтың зардабын мемлекеттің қолдауымен толықтай зерттейтін, саралайтын уақыт келді” деп шегелеп айтқан болатын. Осы бір ауыз сөздің ішінде осы кезге дейін жауабы жоқ, қоғамда әр түрлі пікір тудырып келе жатқан барлық сұрақтарға ғылыми, тарихи, саяси тұрғыда жауап беруіміз керек - дейді ол.

Сенатор тарихымыздың осы бір ауыр тұстарын түгендеу жалған ұран мен популизмнен гөрі ғылыми тұрғыда тұжырымдалған жауапкершілікті қажет ететінін айтты.  

Кезінде ел парламенті арнайы комиссия құруға мұрындық болған болса, сол жұмысты ары жалғастыру мақсатында Сенаттың бастамасымен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Елордадағы Мемлекет және тарих институтымен бірлесе отырып осы тақырыпқа арнайы дөңгелек үстел өткізілді. Шараға сенат спикері М.Әшімбаевпен  бірге, осы саланы көп жылдардан бері зерттеп жүрген елімізге белгілі ғалымдар  Т.Омарбеков, С.Елубай, Б.Қойшыбаев, З.Қабылдинов, Е.Әбіл,  Б.Әбдіғалиұлы, Л.Гривенная, С.Камерон, Б.Аяған, Д.Қамзабекұлы қатысып, өз пікірлерін айтты. Ғалымдардың пікірлері де алуан түрлі болғанымен, бұл алапат қасіретті толық зерттеуді жалғастыру арқылы ортақ шешімге келу керек деген ұсынысқа тоқтады. Ғалымдар мен тарихшылардың пікірлері ескерілген ұсынымдар дайындалып тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады. “Мың өліп, мың тірілген” қазақ ұлтының басына түскен аса алапат қасіретті - ұлтымыз болып сезіне алсақ, жазықсыз қырылған ұрпақ алдындағы біздің қарызымыздың өтеуі болмақ - дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Өзгелердің жаңалығы