Сенатор әкімдердің жауапкершілігін арттыруды ұсынды

18 Қараша 2021, 16:18
1016
Бөлісу:
Сенатор әкімдердің жауапкершілігін арттыруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың пленарлы отырысында сенатор Ақылбек Күрішбаев азық-түлік инфляциясы бойынша мәселені көтерді.

Биыл ауыл шаруашылығы үшін өте қолайсыз жыл болды. Мұндай жаппай құрғақшылық бізде 30 жылдан астам уақыт болмаған. Сондықтан қазір азық-түлік тауарларының нақты теңгерімін бақылап отыру өте маңызды. Ал ол үшін біз ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің нақты көлемін білуге тиіспіз, - деді сенатор.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдері туралы статистикалық деректерде үйлеспейтін, бір бірінен алшақ ақпараттар көп.

Қазір ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі туралы есепті тек заңды тұлғалар ғана тапсырады, ал шаруа, фермер қожалықтарынан және жеке қосалқы шаруашылықтардан бұл деректерді интервьюерлер іріктемелі әдіспен жинайды. Шаруа қожалықтарының тек 30%-ы және қосалқы шаруашылықтарының бар болғаны 2,5%-ы ғана есеп береді, яғни олардың 97,5%-ы ешқандай есеп бермейді. Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемінің едәуір үлесі әкімдер жинайтын әкімшілік ақпаратқа негізделіп айқындалады. Бүгінде Үкімет ауыл шаруашылық саласында цифрландыру бойынша белсенді шаралар қабылдауда, - деп атап өтті Күрішбаев Сенатта.

Ол жақында Цифрлы үкімет офисінің жұмысымен танысқанын айтты. Сондай-ақ сенатор Үкімет жұмысындағы осындай жаңа бағыттарды қолдау керек деп санайды.

Сонымен қатар әкімдердің ауыл шаруашылығының жай-күйі бойынша жинаған ақпаратының дұрыстығын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін арттыруымыз керек. Статистика басшыларының өздері атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар өз рейтінгілерін көтеру мақсатында егін өнімділігі бойынша жоғары көрсеткіштерге мүдделігі статистика деректерін бұрмалауынуына әкелу қауіпі бар. Ал бұрмаланған ақпараттар «қисық айна» әсерін тудырып мемлекеттік органдарының маңызды шешімдер қабылдауына, соның ішінде азық-түлік балансын реттеу жұмыстарына негіз болуы мүмкін, - деп толықтырды Ақылбек Күрішбаев.



Өзгелердің жаңалығы