Шығыс Қазақстандағы 400 мыңнан астам тұрғынның денсаулығына ластанған ауа қауіп төндіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенат депутаты Ольга Булавкина өз депутаттық сауалында өңірдегі экологиялық проблемалар туралы айтты. Ол зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асуымен күресу үшін экологиялық бақылауды күшейту қажеттігі туралы тұрғындардың талаптарын атап өтті.
400 мың адам денсаулығына кері әсер ететін қолайсыз экологиялық жағдайда өмір сүруде. Ағымдағы жылдың 27-29 қарашасында «Қазгидрометтің» Өскемен қаласындағы ауаның жай-күйі бойынша күнделікті бюллетенінде үш зиянды және қауіпті зат бойынша шекті рұқсат етілген концентрациясың асып кеткені тіркелген. Хлорсутегінің бір реттік шекті рұқсат етілген концентрациясы 9 есе жоғары екені анықталды. Жергілікті билік 53 000 оқушыны қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылдады. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ШҚО-да өкпе қатерлі ісігінің 29 жаңа жағдайы тіркелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға көп. Терінің қатерлі ісігі ең көп кездесетін аурулардың қатарында. Бұл аурулар, әсіресе, Өскемен, Риддер, Глубокое, Шемонаиха аудандары мен Алтай өңіріндегі өнеркәсіпті аймақтарда жиі тіркеледі. Мұндай жағдай Шығыс Қазақстан тұрғындарының денсаулығына кері әсер ететін экологиялық ахуалдың нашарлағанын көрсетпей ме? – деді сенатор.
Сенатор сәуір айындағы депутаттық сауалда өңірдегі экологиялық жағдайдың күрделі екендігі айтылғанын еске салды. Өскемен қаласының ірі кәсіпорындарының үлесіне жылына шамамен 47 мың тонна немесе жалпы шығарындының 29%-ы тиесілі. Сонымен қатар, ауаны жоғары дәлдікте талдау құралдары бар жылжымалы зертханалардың жетіспеушілігіне байланысты бүкіл өнеркәсіптік аймақта ластану көзін нақты анықтау мүмкін емес. Мұны кейбір кәсіпорындар пайдаланып, экологтардың шағымдарын сотта жоққа шығарып отыр.
Жалпы жылдық шығарындылар көлемі 2,5 млн тонна болатын жоғары ластану деңгейі бар аймақтарда экологиялық жағдайды бақылау үшін үкіметтік комиссия құру маңызды. Сонымен бірге, бұл жағдайдың пайда болу себептерін анықтап, келтірілген залалды, оның ішінде халықтың денсаулығына келтірілген зиянды бағалап, экологиялық ахуалдың нашарлауына алып келген себептерді жою үшін шаралар қабылдау қажет. Өндірістік және өнеркәсіптік нысандардың иелеріне атмосфералық ауаның сапасын автоматты бақылау станциясымен, ауаға сынама жүргізу және дайындау жүйесімен, сондай-ақ өндірістік бақылау мен экологиялық мониторингті жүргізу құралдарымен жабдықтауға қойылатын талаптарды күшейту қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік экологиялық бақылау функциясын жүзеге асыруға кедергі келтірген заңды және жеке тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдатуды маңызды деп санаймыз. Қабылданған барлық шаралар азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығымен қатар экологиялық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құралға айналады, – деді депутат.