Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі Академиясы арасындағы Түркі Академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Түркі Академиясын құру Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммитінде көтерілген.
Түркі Академиясы 2010 жылы Түркі әлемін зерттеу ғылыми орталығы ретінде жұмысын бастады. Кейін халықаралық мәртебеге ие болды. Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиетін және мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағыттаған түркология саласындағы зерттеулерді үйлестіру, - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Білім министрі баяндағандай, бүгінде Академияға мүшелікке Қазақстаннан басқа, Қырғызстан, Әзербайжан және Түрік елдері қол қойған.
Бүгінгі қарастырылып отырған келісімге 2020 жылдың 16 қарашасында қол қойылған.
Академияның штаб пәтері Нұр-Сұлтанда орналасқанына байланысты келісімнің мақсаты - елімізде жұмыс істеу кезеңіндегі Түркі Академиясының мәртебесін, оның артықшылықтарын айқындау. Академияда бүгінгі күні 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 2 қызметкер шетел азаматы. Келісім күшіне енгеннен кейін Академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредиттеуден өтуі тиіс болады, - деді ол.
Сөзінше, Академия ғылыми зерттеу жұмыстарымен, кітаптармен, журналдар шығарумен, Түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде және түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде үлкен белсенділік танытып келеді.
Академия негізі қаланған сәттен бастап Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және басқа мемлекеттердің жетекші ғалымдарының қатысуымен ғылыми жобаларды іске асырып жатыр. Соның ішінде археология, тарих саласында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, Моңғолияда алдыңғы жылдардан бастап қазба жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта кітап қорын толықтыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Кітапхана жанынан сирек кітаптар мен қолжазбалар мұрағаты құрылды.2016-2021 жылдар аралығында Академия тарапынан ағылшын, әзербайжан, қазақ, қырғыз, венгр, моңғол тілдеріне, сондай-ақ түрлі түркі тілдеріне 100-ден астам жаңа ғылыми кітаптар жарық көрді, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттар құжатты талқылап болғаннан кейін тиісті қаулыны дауысқа қойып, заң жобасын қабылдады.