Сенат төрағасы Ресейдің Қазақстандағы елшісіне көңіл айтты

24 Наурыз 2024, 12:02
749
Бөлісу:
Сенат төрағасы Ресейдің Қазақстандағы елшісіне көңіл айтты
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Палата Спикері Мәскеу облысында болған лаңкестік оқиғаға байланысты еліміздегі Ресей Елшісіне көңіл айтты. Сондай-ақ көңіл айту кітабына жазба қалдырып, гүл шоғын қойды. Ол ондаған жазықсыз жанның өмірін қиған қайғылы оқиғаны қазақстандықтар ауыр күйзеліспен қабылдағанын атап өтті.

Сенат Төрағасы Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен сұхбат барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптағанын және лаңкестікке қарсы күресте Ресеймен бірге екенін растағанын айтты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды. Адамдыққа жат мұндай лаңкестік әрекетті мүлде ақтауға болмайды. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының және жеке өз атымнан көңіл айтамын. Бұл жағдай Ресей халқымен бірге біздің азаматтарымыздың да қабырғасын қайыстырды. Орын алған лаңкестікті біз ауыр күйзеліспен қабылдадық. Барлық зардап шеккендерге сабыр тілей отырып, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігімізді білдіреміз, – деді Мәулен Әшімбаев көңіл айту кітабына қалдырған жазбасында.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен телефон арқылы сөйлесіп, Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты қазақстандықтардың атынан Владимир Путинге және бауырлас Ресей халқына қайғырып көңіл айтты. Өз кезегінде Ресей Президенті қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Жиында құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жоспары, сондай-ақ экстремалды жағдайлардағы олардың қызметін үйлестіру мәселелері қарастырылды. Президент ел азаматтарының қауіпсіздігін және терроризмге қарсы күрес мақсатында Қазақстанның басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы