Сенат Төрағасы Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысымен кездесті

10 Маусым 2023, 18:39
694
Бөлісу:
Сенат Төрағасы Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысымен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесті. Кездесу барысында дінаралық және өркениетаралық диалогты бірлесіп дамыту жоспары талқыланды,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

Палата Спикері алдымен, Мұхаммед Әбделсаламға Астана халықаралық форумын қолдап, оған белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Ақсақалдар кеңесінің халықаралық аренада бейбітшілік, бірлік және діни толеранттылық идеяларын дәріптеуге қосқан үлесіне тоқталып, Кеңестің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне белсенді қатысып келе жатқанын айтты.

Мұсылман ақсақалдар кеңесінің өкілдігін ашу Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Кеңестің жұмысы толеранттылық, бейбітшілік, келісім сияқты құндылықтарды дәріптеуге арналған. Жалпы, Кеңес пен Съездің мақсаттары сәйкес келетінін атап өткен жөн. Сондықтан жаңа құрылымның жұмысы Съездің идеяларын одан әрі насихаттауға үлкен үлес қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Төрағасы өткен аптада Мысырдың дін лидерлерімен болған кездесулердің қорытындысына назар аударды және Сенаттың алдағы жұмыс жоспарын тілге тиек етті.

Өз кезегінде Мұхаммед Әбделсалам жаһандық бейбітшілік пен келісімді нығайтуда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің маңызды рөлі жөнінде айтты. Сондай-ақ ол конфессияаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде дәріптеуге Қазақстан үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы