Сенат төрағасы ғалымдарды әлеуметтік қолдаудың маңызы туралы айтты

Бүгiн, 18:27
127
Бөлісу:
Сенат төрағасы ғалымдарды әлеуметтік қолдаудың маңызы туралы айтты
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Алматыда өткен "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заңды іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара барысында осы саладағы ұлттық заңнамаға енгізілген түзетулер талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар негізгі міндеттерді белгілеп, ғылымды дамыту, инновацияларды енгізу және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Сапар аясында Палата Спикері қаладағы бірқатар ұйымның сарапшыларымен және еңбек ұжымдарымен де кездесті.

Дөңгелек үстелді ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдарда ғалымдарды қолдауға арналған маңызды бастамалар іске асырылып жатқанын және ғылым саласында, оның ішінде заңнамалық деңгейде ауқымды әрі жүйелі өзгертулер қолға алынғанын тілге тиек етті. Сенат Төрағасы атап өткендей, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру саланың ілгерілеуіне, ғылыми экожүйені нығайтуға және ғалымдардың әлеуетін арттыруға жол ашқан маңызды қадам болды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде ғылымды дамыту мәселесіне әрдайым баса мән беріп келеді. Шын мәнінде, бұл сала елімізді дамыту жолында стратегиялық маңызға ие. Сондықтан Мемлекет басшысы, Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берді. Бұл шешім отандық ғылымның ілгерілеуіне жаңа мүмкіндіктер бергені сөзсіз. Бүгінгі жиынға отандық ғалымдар қатысып отыр. Сіздер ұлттық ғылымды жетілдіруге, инновациялық жобаларды іске асыруға және зерттеушілердің жаңа буынын даярлауға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Сол арқылы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің қарқынды дамуына айтарлықтай үлес қосып келесіздер, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы ғылым Қазақстанның басты активтерінің бірі және ұлттық қауіпсіздіктің, экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік әл-ауқаттың маңызды элементі екенін айтты. Осыған байланысты ғалымдар мен сарапшылар қоғамдастығының, мемлекеттік органдардың, жұртшылық пен депутаттардың және басқа да мүдделі тараптардың күш-жігерін жұмылдыруды қажет ететін маңызды міндеттерге мән берілді.

Ғылымды дамыту және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі міндеттер мен ұсыныстарды талқылау барысында қатысушылар ғалымдарды әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше тоқталды. Мәулен Әшімбаев бұл ретте ғалымдар да өз тарапынан ғылыми зерттеулер елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуі үшін аянып қалмауға тиіс екенін және жаһандық трендтер мен экономикалық стратегия ескерілуі керектігін атап өтті. 

Нақты айтқанда, аграрлық ғылым, экология, су және ресурс үнемдеу, химия және мұнай-газ өнеркәсібіндегі шикізатты өңдеу, баламалы және атом энергетикасын дамыту сияқты салалар назарда болуға тиіс. Сондай-ақ жасанды интеллект, биотехнология, заманауи медицина, гендік инженерия және ғарыш саласының рөлі мен болашағы да кеңінен сөз болды.

Адами капитал – ғылыми дамудың негізі. Сондықтан ғалымдарды және ғылымдағы жас буынды жан-жақты қолдау үшін қажетті жағдай жасалып, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылымды қаржыландыруға үлкен көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде соңғы төрт жылдың ішінде ғылымды қаржыландыру 3 есеге ұлғайды. Осы орайда мұндай жан-жақты қолдау ғалымдардың өздеріне де үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өткен жөн. Еліміздің сапалы дамуында ғылымның үлесін арттыру аса маңызды. Ғылым табысты болуы үшін ол экономикамен және қоғаммен сабақтасып отыруға тиіс. Сондықтан бүгінгі кездесуде айтылған идеялар мен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Сенаттың алдағы заңнамалық қызметінде ескеріледі, – деді Сенат төрағасы.

Іс-шараға Парламент депутаттары және Алматы қаласының басшылығымен қатар ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының мүшелері, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының ғалымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және басқа да мүдделі тараптар қатысты.

Мәулен Әшімбаев Алматы қаласындағы сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен де арнайы кездесті. Олармен өзара іс-қимылды нығайту Палата үшін Мемлекет басшысының реформаларын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету жолында айрықша рөл атқарады.

Парламент пен аналитикалық қоғамдастық арасындағы сындарлы диалог жай ғана пікір алмасу емес, бұл – заң шығару процесін жақсартудың маңызды тетігі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дамуының алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағдарын белгілеп берді. Қазақстан заманауи технологияларды белсенді дамыту, инвестициялар тарту және әлемдік баға қалыптастыру тізбегіне қосылу арқылы бәсекеге қабілетті цифрлық экономиканы құруға тиіс. Бұл міндет бізден шешуші қадамдарды, түрлі дағдыларға икемділікті, күрделі сын-қатерлерге дайын болуды және елдің аналитикалық әлеуетін күшейтуді талап етеді, – деп, Сенат Спикері осы бағыттағы маңызды міндеттерге тоқталып өтті.

Сапар барысында Палата Төрағасы Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған орта мектеп-интернатының құрылыс жұмыстарымен танысты және ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ғимаратына барды.

Сонымен қатар депутаттар пошта байланысына қатысты бұған дейін Сенат мақұлдаған заңның іске асырылуына мониторинг жүргізу аясында "Қазпошта" АҚ халықаралық мультимодальді логистикалық хабының ұжымымен кездесті. Алматы облысында жұмыс істеп тұрған қойма кешені электрондық сауданың өсуін арттыруды, сол арқылы өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту үшін бірегей мүмкіндіктер ашуды және Қазақстанның Орталық Азияның логистикалық хабы ретіндегі ұстанымын нығайтуды көздейді.

Өзгелердің жаңалығы