Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат отырысында «сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заң жобасын мақұлдады.
Қаралып отырған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы сот жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында әзірленген.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев сот жүйесін жетілдіруге қатысты басты басымдылықтарды іске асыру мақсатында маңызды үш бағытты атап өткен болатын.Олар, кадр саясаты, судьялардың жауапкершілігі және сот жүйесін қаржыландыру, – деді депутат Нұрлан Бекназаров.
Ол атағандай, заң жобасы судьялардың кәсібилігін, жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған түзетулерді көздейді.
Аталған түзетулер судья кадрларын іріктеу, олардың кәсіби қызметін бағалау тетіктерін жетілдіру, судьяларды жауапқа тартудың ескірген мерзімдерін ұлғайтуға және соттарды қаржыландырудың жаңа моделін белгілеуді қамтиды. Соңғы жылдары судьялыққа кандидаттарды іріктеу қатаңдатылып, нәтижесінде бос лауазым орындарының саны өсіп, қазір ол 12 пайызды құрап отыр және бұл сот жұмысының сапасына кері әсер етуде.Мемлекет басшысының сот жүйесіне құқықтың күрделі салаларына білікті мамандарды тартуға қатысты тапсырмасына сәйкес заң жобасымен судьялыққа маманданған кандидаттарды іріктеу үшін жеке конкурс енгізу ұсынылады, – деді ол.Депутат атағандай, соттардың инфрақұрылымын нығайту мен дамыту, судьяларды әлеуметтік қамтамасыз ету және басқа да бірқатар қаржылық мәселелері көп жағдайларда атқарушы биліктің қабылдаған шешімдеріне тәуелді.
Сот жүйесіне ең бастысы - оның тәуелсіздігі дей тұра аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі сот төрағаларының 50-70 жыл бұрын салынған ескі ғимараттарды күтіп ұстау үшін әкімдіктерге көмек сұрайтын жағдайлар жиі кездеседі.Бұл соттарды атқарушы билік органдарына тәуелділік жағдайын тудырады және сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал етуі мүмкін.Сайып келгенде, бұл азаматтардың құқықтарын қорғаудың сапасына, сот жүйесінің рейтингтеріне кері әсерін тигізеді.Сенаттың барлық тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.Заң жобасын қабылдау теріс құқықтық, әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды, - деді ол.Бекназаров жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын қабылдауды ұсынды.
Бұл заң жобасы депутаттардың дауыс беруі арқылы қабылданды.