Сенат сайлауының алдында соңғы дайындықтар пысықталды

10 Тамыз 2020, 16:45
1350
Бөлісу:
Сенат сайлауының алдында соңғы дайындықтар пысықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Орталық сайлау комиссиясы алдағы 12 тамызға белгіленген Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына дайындық мәселесі бойынша отырыс өткізді. 

Отырысқа видеоконференция режимінде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

ҚР ОСК төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, 10 тамыз сағат 00:00-де кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаттары аяқталады. Осымен, күнтізбелік жоспарға сәйкес дауыс беру күнін ұйымдастырумен және өткізумен байланысты барлық сайлауалды іс-шара аяқталады. 

Осыған байланысты облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының дауыс беру күніне дайындығы туралы ақпараттары тыңдалды. Сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, сайлау бюллетендеріне 46 кандидат енгізілді (тіркеуден кейін 12 кандидаттан кандидатураларын алып тастау туралы өтініш берілді). Яғни, Шығыс Қазақстан облысынан - 4 кандидаттан, ал 10 өңірден 3 кандидаттан: Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары. Қалған өңірлерден - 2 кандидаттан, - дейді Берік Имашев. 
Оның айтуынша, республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3069 мәслихат депутаты енгізілген. Олардың басым бөлігі - Алматы облысынан - 317 және Шығыс Қазақстан облысынан – 301, ал едәуір аз бөлігі Нұр-Сұлтан қаласынан - 21, Шымкент қаласынан - 26 және Алматы қаласынан - 32. 

Берік Имашев өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданғанын атап өтті. Бұдан басқа, сайлау күні Ортсайлаукомның интернет-ресурсы арқылы таңдаушыларды тіркеуді және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығаруды онлайн байқау сервистері жұмыс істейтін болады. Бұл сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы