Сенат Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығына қатысты заң қабылдады

25 Сәуір 2024, 15:24
237
Бөлісу:
Сенат Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығына қатысты заң қабылдады
Фото: facebook.com

Сенат "Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ,KZ тілшісі.

Шартты жасасу жоғары деңгейдегі уағдаластыққа және 2021 жылғы 6 желтоқсандағы елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастар туралы Декларацияның 17 пунктіне сәйкес, Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 22 желтоқсанда Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүзеге асырылды.

Шартта саяси, әскери, сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық, азаматтық қорғаныс және энергетика салаларында ынтымақтастықты кеңейту ескерілген. Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау, сондай-ақ экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалмаған. Халықаралық аренада өзара іс-қимылды нығайту қарастырылған, - деді Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев.

Сонымен қатар, бұл құжатты қабылдау арқылы екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыстарды нығайту қарастырылған.

Былтыр Өзбекстан Президенті шартты ратификациялау туралы Жарлықты рәсімдеді. Өзбек жағы Шарттың ратификацияланғанын 2023 жылы 1 желтоқсанда ноталық тәртіппен хабарлады. Өзбекстанмен ғасырлар бойы достық, рухани тамырлар, тарихтың ортақтығы мен өзара қолдау көрсетумен байланысып келеміз. Өзбекстан – Қазақстан үшін сенімді одақтас, әрі маңызды серіктес мемлекет. Екі ел байланысы теңдікке, өзара құрмет пен сенімге негізделген толық форматты екіжақты өзара іс-қимылды қалыптастырды. Мемлекетаралық және парламентаралық байланыстардың барлық спектрі бойынша тұрақты және тығыз диалог орнатылды. Бұл Шарт халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне сай келеді деп есептеуге болады, - деді Сенатор.

Өзгелердің жаңалығы