Астана, BAQ.KZ. Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасы қаралды.
Заң жобасының мақсаты мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және қалыптастыру, орналастыру мен орындау процесінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қорғаныстық тапсырыстың әлеуетін дамыту болып табылады.
Заң жобасы қорғаныс өнеркәсібі, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техника айналымының жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған.
Заң жобасында осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты алушылардың, орындаушылар мен әскери өкілдердің функциялары айқындалған. Тұтастай алғанда мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау тәртібі регламенттелген, оның құрамы мен мазмұны айқындалған.
Сондай-ақ Үкіметтің, уәкілетті органның, орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, қорғаныстық өнеркәсіп және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті ұйымның және қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының құзыреттері бекітілген.
Заң жобасы ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру ерекшеліктерін бекітетін ережелерді, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың басым тәртіппен орындалуға міндеттілігі туралы норманы қамтиды.
Одан басқа, қорғаныстық тапсырыс саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, қару-жарақ, әскери техника және пайдаланылмайтын мүлік айналымының ерекшеліктері, сондай-ақ әскери-техникалық ынтымақтастық салалары мен нысандары заңнамалық деңгейде бекітілген.
Комитет отырысында, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Заң жобасының негізгі мақсаты кейбір заңнамалық актілерді жаңа редакциядағы «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес келтіру, сондай-ақ жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау, барлау қызметі, азаматтық қорғаныс, мемлекеттік материалдық резерв, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы және басқа да салалардағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.
Заң жобасымен 4 кодекске және 20 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Олардың ішінде негізгілері:
облыстық бюджеттің, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің аумақтық әскерлердің тиісті аумақтық органдарын қамтамасыз етуге және күтіп-ұстауға арналған шығыстарын регламенттейтін нормаларды нақтылауға;
мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруға арналған шарттар негізінде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қосылған құн салығынан босатуға;
Үкіметтің, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті органдардың және басқа да мемлекеттік органдардың құзыреттерін нақтылауға;
әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қолдану үшін броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтің метериалдық құндылықтарын шығару, сондай-ақ оларды тасымалдау тәртібін айқындауға бағытталады.
Одан басқа, заң жобасымен ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін реттейтін нормалар, оның ішінде «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту тәртібін регламенттеу, ақпараттандыру объектілерін құруға немесе дамытуға бағытталған бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді.
Сонымен қатар қайшылықтарды, құқықтық олқылықтарды және құқық нормаларының қайталануын жоюға бағытталған тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Құжаттар Палата қарауына берілді.