Сенат Арменияға мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты заңды қабылдады

26 Мамыр 2022, 11:07
1464
Бөлісу:
Сенат Арменияға мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты заңды қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта Қазақстанның Арменияға мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімі ратификацияланды.

Еуразия экономикалық одақ мүшелері арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа сәйкес жекелеген екіжақты келісіммен реттеледі.

2020 жылғы 16 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық келісіміне қол қойылған болатын.

Тараптар шаруашылық жүргізуші объектілерді Арменияға жеткізу үшін қажетті жағдайларды жасайды. Келісімге сәйкес тараптар Арменияға жеткізуге рұқсат етілген тауарлар тізбесін бекітеді. Сондай-ақ тараптардың ведомстволары тиісті хаттама жасайды. Сол себепті егер қандай да бір мұнай өнімі рұқсат етілген тізімге кірмесе, оны әкетуге жол берілмейді. Сонымен қатар тараптардың құзыретті органдары жыл сайын 1 желтоқсанға дейін тауарларды өндіру, ішкі тұтыну, импорттау және экспорттау балансын жасайды, - деп айтты Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Ол баяндағандай, келісімде тараптардың индикативтік балансында көзделген көлемнен тыс өнім жеткізуге тыйым салынады. ЕАЭО елдері арасындағы сауда экспорттық кедендік баж салығын төлемей, кедендік бақылаусыз жүзеге асырылады.

Бұл келісімдер мұнай өнімдері саудасын іс жүзіндегі ерекше режимі белгілейді және Қазақстаннан Арменияға мұнай өнімдерін әкету кезіндегі бақылау тетіктері қамтылған. Ресейдің Арменияға мұнай өнімдерін негізгі жеткізуші екенін ескере отырып, қазақстандық өнімдерді ықтимал жеткізу қалдық принципі бойынша айқындалады, - деді Энергетика вице-министрі.

Айтуынша, осындай тетіктер артық мұнай өнімдерін Арменияның неғұрлым басым нарығына өткізуге мүмкіндік береді. 

Бұл мұнай өнімдерінің ішкі теңгеріміне оң әсер етеді және Қазақстанның шаруашылық жүргізуші субъектілерінің түсімін арттырады, сондай-ақ Қазақстаннан мұнай өнімдерін әкетуді реттейді және ішкі нарықты қорғайды. Жеткізу шарттарын кәсіпкерлер өзара келісім бойынша дербес анықтайтынын атап өткен жөн, - деп толықтырды Әсет Мағауов.

Өзгелердің жаңалығы