Сенат Әлеуметтік кодекс жобасын қабылдады

16 Наурыз 2023, 15:19
961
Бөлісу:
Сенат Әлеуметтік кодекс жобасын қабылдады
Фото: ашық дереккөз

Сенат Әлеуметтік кодекс жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекеттік саясаттың стратегиялық маңызды шешімдерінің бірі – халықаралық стандартқа сай әлеуметтік кодексті әзірлеу. 

Әлеуметтік кодекс әр түрлі заңнамалық актілердің орнына әлеуметтік саясаттың құқықтық негізі болмақ, оның негізгі басымдықтары халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру болып саналады. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі құрылады және әлеуметтік қамсыздандыруға жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлінетін болады, - деп атап өтті сенатор Ләззат Қалтаева. 

Кодекс жобасы мен оған ілеспе заңдарды талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттері, депутаттар мен жұмыс тобының мүшелері 500-дей түзетулер енгізген. 

Мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылған және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жеке тұлғаларға, ерекше қызметі үшін зейнетақы тағайындалған тұлғаларға, бірінші топ мүгедектігі бар тұлғаларға күтім жасайтындарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға арттыру көзделді. Олардың қатарына саяси қуғын-сүргін құрбандары мен мүгедектігі бар, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер бар. Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіндегі сотталған тұлғаларға және бірінші топ мүгедектігі бар сотталғандарға күтім жасайтындарға мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы ұсынылды, - деді депутат. 

Жалпы Әлеуметтік кодексті қабылдау бірлескен жауапкершіліктің рөлін күшейтеді деп отыр. 

Сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласындағы проблемаларды шешіп, әлеуметтік тәуекелдерді басқару жүйесіне алдын алу тәсілді енгізуге ықпал етеді.  

Өзгелердің жаңалығы