- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Сен кімсің, адамсың ба, әлде...? Алаяқтықтың жаңа тәсілдері. Құрбан болмас үшін не істеу керек?
Сен кімсің, адамсың ба, әлде...? Алаяқтықтың жаңа тәсілдері. Құрбан болмас үшін не істеу керек?
27 Қараша 2026, 17:10
Бүгінде телефон арқылы хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын адамға ғана емес, экраннан көріп тұрған танысымызға да бірден сене алмайтын жағдайға жеттік. Себебі технология дамыған сайын алаяқтардың да әрекеті өзгеріп келеді. Бұрын олар көбіне жалған хабарлама жіберіп немесе телефон соғып алдаса, қазір адамның дауысын салып, бейнесін қолдан жасап, тіпті мемлекеттік органның қызметкері болып көріне алады.
Әсіресе жасанды интеллектінің дамуы алаяқтықтың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Бірнеше секундтық дауыс жазбасы немесе әлеуметтік желідегі сурет адамның атынан жалған аудио, видео әзірлеуге жеткілікті болуы мүмкін.
Ендеше алаяқтар қазір қандай әдістерді пайдаланады? Жалған қоңырауды қалай ажыратуға болады? Жасанды интеллект адамның дауысын немесе бейнесін қолданса, оны қалай тексереміз? Бұл туралы IT саласының маманы Жомарт Қасым BAQ.KZ тілшісіне берген жауабында түсіндіріп берді.
«Банк қызметкерімін»: таныс сценарий, бірақ қауіпті тәсіл
Жомарт Қасымның сөзінше, интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі – телефон арқылы алдау. Бұл тәсіл вишинг деп аталады. Мұндай жағдайда белгісіз адам телефон соғып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырады. Ол сіздің шотыңыздан күмәнді операция байқалғанын, біреудің атыңызға несие рәсімдеп жатқанын немесе жеке деректеріңізге бөтен адамдар қол жеткізгенін айтуы мүмкін.
Әңгіме барысында адамды қорқытып, тез әрекет етуге итермелейді. Мысалы, ақшаны жоғалтпау үшін оны «қауіпсіз шотқа» аудару керектігін айтады. Кейде банк қосымшасын ашуды, SMS арқылы келген кодты айтуды немесе телефонға арнайы бағдарлама орнатуды сұрайды. Алаяқтардың басты мақсаты – адамның үрейін пайдаланып, өз ақшасын өзі аударуына немесе банк деректерін ерікті түрде беруіне қол жеткізу, - дейді маман.
Қаржы ұйымдарының атын жамылған адамдар түрлі сылтаумен ақша аударуды, жеке мәліметтерді немесе SMS-кодтарды сұрауы мүмкін. Есте сақтайтын нәрсе: телефон арқылы сөйлескен адамға өзіңізді дәлелдеуге міндетті емессіз. Әңгімені тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз.
«Сен кімсің, адамсың ба, әлде ЖИ ме?»: дипфейк алаяқтық
Қазір алаяқтықтың ең қауіпті жаңа бағыттарының бірі – дипфейк технологиясын пайдалану. Дипфейк – жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген фото, видео және аудио. Оның көмегімен адамның бет-әлпетін, дауысын, сөйлеу мәнерін қолдан жасауға болады. Тіпті ол өмірде айтпаған сөздерді айтқандай етіп көрсетуге мүмкіндік бар.
Мысалы, сізге жақын адамыңыздың атынан бейнеқоңырау түсті делік. Экранда оның жүзі көрінеді, дауысы да таныс. Ол шұғыл жағдайға тап болғанын айтып, ақша сұрайды. Мұндай кезде адам күмәнданбай, бірден көмектесуге тырысуы мүмкін. Алайда экрандағы адамның өзі емес, оның жасанды интеллект арқылы жасалған видеосы болуы мүмкін, - дейді Жомарт Қасым.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы сәуірде жасанды интеллект арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескерткен. Ведомство мәліметінше, қаскөйлер бейнеқоңырау кезінде жалған бейне мен дауысты пайдаланып, өздерін полиция қызметкері, ұлттық қауіпсіздік органы немесе банк қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстыратын жағдайлар тіркелген.
Олар азаматтарға күдікті операциялар анықталғанын айтып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Кейбір жағдайда мемлекеттік органдардың атынан жалған құжаттар мен хабарламалар да жібереді.
Дипфейкті қалай байқауға болады?
Кейбір жалған бейнелерде адамның көзін жыпылықтатуы, ерін қимылы мен сөзінің сәйкес келмеуі, дауысындағы жасандылық сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Бірақ мұндай белгілерге ғана сүйенуге болмайды. Өйткені технология жетілген сайын жалған бейнені ажырату да қиындай түседі.
Сондықтан ең сенімді жол – адамның кім екенін басқа байланыс арнасы арқылы тексеру. Егер туысыңыз немесе танысыңыз күтпеген жерден ақша сұраса, әңгімені тоқтатып, оған өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Алдын ала отбасы мүшелерімен ғана білетін құпия сөз келісіп қою да артық болмайды.
Жалған сілтеме: бір рет басу жеткілікті
Сарапшының сөзінше, алаяқтар азаматтардың жеке деректерін ұрлау үшін фишинг тәсілін де жиі қолданады. Фишинг – шынайы сайтқа немесе ресми хабарламаға ұқсайтын жалған сілтеме арқылы адамның құпия мәліметтерін алу әдісі.
Мысалы, телефонға банк, пошта қызметі немесе мемлекеттік орган атынан хабарлама келеді. Онда шотыңызға қатысты мәселе туындағаны, сәлемдемеңізді алу үшін төлем жасау керектігі немесе қандай да бір өтемақы тағайындалғаны жазылуы мүмкін. Хабарламадағы сілтемеге өтсеңіз, ресми сайтқа ұқсас парақша ашылады. Сол жерге карта нөмірін, құпиясөзді немесе SMS-кодты енгізген жағдайда, бұл ақпарат алаяқтардың қолына түсуі мүмкін, - дейді сарапшы.
Мұндай хабарламалар кейде өте сенімді көрінеді. Тіпті сайттың дизайны, логотипі мен мәтіні ресми нұсқадан айнымай қалуы ықтимал.
Сондықтан:
- Бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеңіз.
- Сайттың мекенжайын мұқият тексеріңіз.
- Банк пен мемлекеттік қызметтерге тек ресми қосымша немесе сайт арқылы кіріңіз.
- Күмәнді файлдарды жүктемеңіз.
- SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпаңыз.
«Аз ақша салып, көп табыс табасыз»: жалған инвестиция
Алаяқтықтың тағы бір түрі – жоғары табыс уәде ететін жалған инвестициялық жобалар. Әлеуметтік желілерде кейде белгілі компаниялардың, танымал адамдардың немесе мемлекеттік тұлғалардың атынан жарнамалар тарайды. Онда аз ғана ақша салып, қысқа уақытта бірнеше есе пайда табуға болатыны айтылады.
Кейбір жарнамаларда адамның сеніміне кіру үшін танымал тұлғалардың суреті мен бейнесі де заңсыз пайдаланылады. Жалған сайттарда инвестициялық платформа, табыс көрсеткіші және ақша салу тәртібі көрсетіледі.
Алғашында адам аз мөлшерде ақша салады. Кейде алаяқтар сенім қалыптастыру үшін шағын соманы қайтарып та беруі мүмкін. Осыдан кейін азаматты көбірек қаражат салуға үгіттейді. Бірақ ірі соманы шығарғысы келгенде түрлі сылтау айтып, қосымша төлем талап етеді немесе байланысқа шықпай қояды. Мұндай ұсыныстарға сақ болған жөн. Қаржы нарығында жоғары табысқа кепілдік жоқ. Сондықтан ақша салмас бұрын компанияның заңды тіркелгенін, қаржы нарығында жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын тексеру қажет, - деп ескертті Жомарт Қасым.

Алаяқтар неге адамдарды оңай сендіреді?
Жомарт Қасымның сөзінше, мұндай схемалардың бәрінде ортақ бір ерекшелік бар: алаяқтар адамның психологиялық жағдайын пайдаланады.
Олар көбіне үш сезімге әсер етеді:
Қорқыныш. «Шотыңыз бұғатталады», «атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «ақшаңызды жоғалтасыз» деген сөздер арқылы адамды асықтырады.
Асығыстық. «Қазір әрекет етпесеңіз, кеш болады» деп ойлануға мүмкіндік бермейді.
Ашкөздік немесе үміт. «Ұтыс ұттыңыз», «аз ақша салып, көп табыс табасыз», «сізге арнайы мүмкіндік беріліп отыр» деген ұсыныстар жасайды.
Адам қорыққан немесе тез пайда тапқысы келген кезде ақпаратты тексеруге уақыт бөлмей, бейтаныс адамның сөзіне сеніп қалуы мүмкін. Сондықтан алаяқтықтың алдын алудағы ең маңызды ережелердің бірі – асықпау. Қандай жағдай болса да, ақша аудармас бұрын ақпаратты тексеру керек.
Егер алаяқтарға алданып қалсаңыз, не істеу керек?
Сарапшы мұндай жағдайда ең алдымен, уақыт жоғалтпау керегін айтады. Алаяқтардың құрбаны болған адамды кінәлаудан гөрі, ақшаны сақтап қалу үшін тез әрекет ету маңызды.
- Дереу банкке хабарласып, карта мен шотты бұғаттауды сұраңыз.
- Егер телефонға қашықтан басқаруға арналған бағдарлама орнатқан болсаңыз, оны пайдалануды тоқтатып, құрылғының қауіпсіздігін тексеріңіз.
- Полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз немесе арыз беріңіз.
- Алаяқтармен болған хат алмасуларды, телефон нөмірлерін, түбіртектер мен скриншоттарды сақтаңыз.
- Егер жеке деректеріңізге қол жеткізілген болса, банкпен бірге қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдаңыз.
Алаяқтық дерегін неғұрлым ерте хабарласаңыз, қаржылық шығынның алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болуы мүмкін.
Ең оқылған:
- Қазақстанда биылғы қыс қандай болады? Сарапшылар болжамы
- Желтоқсанда Қазақстанда не қымбаттайды?
- Тоқаев: Интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек
- Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин AI Journey 2026 көрмесін аралады
- Үйді 20 жылға дейін жалдап, кейін сатып алуға болатын бағдарлама басталды: Кім қатыса алады?
Сымбат Сатыбалдина