Семейдің орталық стадионы толықтай қайта жаңғыртылады

21 Сәуір 2024, 21:07
331
Бөлісу:
Семейдің орталық стадионы толықтай қайта жаңғыртылады
Фото: Абай облысының әкімдігі

Семейде жайлы ортаны дамыту шеңберінде құрылыс жұмыстары, жолдарды ағымдағы жөндеу, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ағымдағы жұмыстармен танысу мақсатында кезекті мәрте шаһарды аралады.

Аймақ басшысы «Бейбітшілік» аралына барып, этноауыл аумағында сауда нүктелерін орналастыру бойынша облысымыздың бизнес өкілдерінің ұсыныстарын талқылады. Бұл жер қала тұрғындарының ғана емес, қонақтардың да жиі келетін сүйікті орны болғандықтан сұранысқа ие сауда нүктелері қажеттілігі сезіледі.

Сонымен қатар, әкім қала орталығындағы көпқабатты үйлер арасы мен «Юность» ықшам ауданындағы 10-шы тұйық көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Соңғысында орташа жөндеу жұмыстары аяқталысымен қоғамдық көлік жүретін болады. Осы шаруалар бойынша Нұрлан Ұранхаев тиісті басқармаларға жұмыс барысын үнемі бақылауда ұстауды сондай-ақ Мәңгілік ел көшесін абаттандыруды жалғастыруды тапсырды.

Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін халық жиі жүретін алаңдарда заманауи «Street Food» сауда павильондарын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, орталық көшелерде бүгінгі күннің талабына сай келмейтін сауда дүңгіршектері анықталды. Енді олардың иелеріне сыртқы келбетін жаңартуға ұсыныс беріледі болмаса басқа жерден орын қарастырылады.

Біз барлық жобаларды қала тұрғындары үшін барынша ыңғайлы әрі қолайлы етуге тырысамыз. Бұған қоғамдық кеңістікті жақсарту, көпқабатты үйлер арасындағы кварталішілік жөндеу, жолдар, мектептер мен тұрғын үй кешендерін салу жұмыстары кіреді. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Біз қаланың әрбір тұрғынының ұсыныстарын тыңдап, жобаларды әзірлеу және іске асыру кезінде оларды ескеруге дайынбыз, - деді әкім өз сөзінде.

Облыс әкімі қала ішіндегі сапарын Орталық саябақ, Жамақаев және Мәңгілік ел көшелері бойымен жалғастырып, абаттандыру жұмыстарын көзімен көрді. Сонымен қатар «Қарағайлы» ықшам ауданында салынып жатқан көпқабатты үйлерге барып, мердігер компания өкілдерімен тілдесті. Әңгіме барысында мердігер компанияларға құрылысты уақытында әрі сапалы аяқтау керектігі жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ, әкім «Спартак» стадионына да арнайы атбасын бұрды. Қазір стадионда жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Салтанатты ашылуы 26 сәуірге жоспарланып отырған стадионда толықтай қайта жаңғырту, жасыл алаңды жаңарту, алаңды автоматты қондырғылармен суару және т.б жұмыстар жасалған.

Өзгелердің жаңалығы