Семейде дағдарыс орталығы ашылады

26 Шілде 2023, 20:23
853
Бөлісу:
Семейде дағдарыс орталығы ашылады

Биыл Семейде дағдарыс орталығы ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ағымдағы жылы қалада тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға бағытталған 25 орынға арналған дағдарыс орталығын ашу жоспарланған.

Қазіргі уақытта 35 квартал ауданында орналасқан бұрынғы тері-венерологиялық диспансер ғимаратын жөндеуден өткізіп, осы орталыққа беру процесі жүріп жатыр. Тексеру жұмыстарына жұмыспен қамту және АХАТ бөлімінің басшысы Серік Жумадилов, орталық жетекшісі мен мердігер ұйымдарының басшылары қатысты. Маусым айының соңында қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов жөндеу жұмыстарының барысын тексерген болатын.

Бүгін қала әкімінің орынбасары Жаныбек Мұқатаев орталықтың іші-сыртын аралап, мердігерлердің жұмысын бақылады. Қала әкімінің орынбасары мердігерлерге жөндеу жұмыстарын көрсетілген кестеге сай аяқтауды тапсырды.

Нысанның тек ішін ғана емес, сыртқы абаттандыруына да назар аударыңыздар. Бұл дағдарыс орталығы болғандықтан түрлі жағдайға тап болған адамдар келеді. Сондықтан пандус мен баспалдақтарды стандартқа сай жасаңыздар,- деді қала әкімінің орынбасары Жаныбек Мұқатаев.

Дағдарыс орталығында зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің қолданыстағы стандарттарына сәйкес уақытша болу және тұру, қызмет алушыларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы