Семейде алғаш рет құрылыс саласындағы отандық өндірушілер жәрмеңкесі өтті

14 Қазан 2023, 03:45
641
Бөлісу:
Семейде алғаш рет құрылыс саласындағы отандық өндірушілер жәрмеңкесі өтті
Фото: baq.kz

Семейде алғаш рет құрылыс саласындағы отандық өндірушілер мен дистрибьютерлердің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрылыс материалдары мен халық тұтынатын тұрмыстық бұйымдарды өндіретін компаниялар көпшлікке таныстырылды. Осы арқылы отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, олардың нарықтағы белсенділігін арттыру көзделген. Абай облысының құрылыс саласындағы әлеуеті зор. Оған алғаш рет ұйымдастырылған осы көрме дәлел.

Бұл жерде құрылыс материалдары мен тұрмыстық бұйымдарды өндіретін өлкедегі үздік өндірушілердің өнімі қойылған. Көрме-жәрмеңкеге отызға жуық кәсіпорын қатысты.

Өңірде шығарылатын өнімдердің бір жерге топтастырылуы жұрттың да көңілінен шықты.

Шараға қатысушылар арасында силикат зауыты, Семей аяқ киім фабрикасы сынды отандық нарықта аты мәлім ірі компаниялар да бар. Сонымен қатар Даму қорының көмегімен қаржылай қолдауға ие болып, кәсібін енді дөңгелетіп келе жатқандар да көп.

Мұндай жәрмеңке бізде Абай облысында бірінші рет болып жатыр осындай форматта. Енді ары қарай тек құрылыс саласында ғана емес, тігін саласында, өнеркәсіп саласында, тағам шығару саласында осындай жәрмеңкелер өткізу мақсатымызда бар, - деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Мұрат Мәлікаждар.

Отандық өнімнің сапасы мен қауқарынан хабар беретін бұл көрме шаһарда 3 күн бойы жалғасады. Жалпы Абай облысында 70-ке жуық ірі компания, 4 мыңнан астам бизнес нысан бар. Өнеркәсіптік өнім көлемі 9 айда 1 триллион теңгеге жуықтады.

Өзгелердің жаңалығы